Жалған Lego мен көшірме сөмкелер қалай жойылады?

Жалған Lego мен көшірме сөмкелер қалай жойылады?
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Жалған Lego мен көшірме сөмкелер қалай жойылады? Мұндай өнімнің қандай зияны бар? Контрафакт өнім жасап сататындарға қандай жаза көзделген? Massaget.kz тілшісі бұл мәселенің басын ашып көрді. 

Бағасы арзан, қолжетімді тауарлар көптің назарын алары сөзсіз. Ал танымал брендтің көшірме екені анық көрініп тұрса да, оны тұтынатындар азаймайды. Тауар маркасы басқа заттар контрафакт тауар құрамына енеді. Әдетте мұндай заттар тәркіленіп жойылады. Бір қызығы, Әділет министрлігі өздігінен тексеріс жүргізе алмайды. Бұл үшін тауар таңбасының құқық иесі департаментке арыз жазып, барлық дәлелдемелерді келтіруі керек. 

Дәлелдемелер келтірілген соң, хаттама толтырылып, іс сотқа жіберіледі. Сот шешімімен тауарлар жойылады. 

Massaget.kz тілшісі Ынтымақ ауылындағы 3 базаға барып көрді. Оның бірінде Samsung компаниясының теледидарына ұқсатып жасалған көшірме теледидарлар мен жалған Lego-лар бөлшектеніп жатты.

Алматы қаласы Әділет департаменті Зиятркелік меншік құқытар бөлімінің басшысы Еркебұлан Серікқалиұлының айтуынша, контрафакт тауарларды жою процесі қала сыртындағы арнайы базаларда жүргізіледі. Себебі кей заттарды өртеу керек болса, енді бірін бөлшектеу керек.

Контрафакт өнімнің қандай зияны бар?

"Жалпы ойыншық балаларға зиян болуы мүмкін, себебі оның неден жасалғаны, құрамында не бары беймәлім. Ал бөлшектері ұсақ болады, балалар оны жұтып қоюы мүмкін. Сәйкесінше, сапасы да төмен", - дейді мамандар. 

Мәселен, мына көшірме Lego ойыншықтарының пластмасадан жасалғаны емес, бояуы күмән келтіреді. Оның құрамында қандай химиялық зат бары белгісіз, сондықтан мамандар мұндай тауар тұтынбауға кеңес берді. 

Тәркіленген тауарлар қайта өңдеуге жіберіле ме?

Тәркіленген тауарлардың арасында өңдеуге келетіні қайта өңделеді де, сатылымға жіберіледі. Алайда қайта өңдеу процесі Әділет министрлігінің құзырына кірмейді.

"Контрафакт тауарларды жасап, сатқаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш (73 840 теңге) негізінде, кіші бизнеске 30 АЕК (110 760 теңге), орта бизнес кәсіпкерлеріне 40 АЕК (147 680 теңге), ірі бизнес кәсіпкерлігіне 80 АЕК (295 360 теңге) айыппұл салынады. Заңсыз тауарлар тәркіленеді. Кейін сот шешімімен заттар жойылады. Бұдан басқа қылмыстық жауапкершілік те көзделген. Қылмыстық кодекстің 222-бабына сәйкес шығын 2000 АЕК-ден (7 384 000 теңге) асса, жауапқа тартылады", - дейді ол. 

Түпнұсқа мен көшірмені қалай ажыратымыз?

Мамандар түпнұсқаны мен көшірмеден ажырату үшін 3 нәрсеге назар аудару керегін айтады. Бұл - сапа, баға, одан кейін сатып алған жер. Әдетте, түпнұсқа тауардың сапасы жақсы, бағасы жоғары болады. Тауар үйреншікті жерде сатылып, қаптамасы да сәйкес келеді. 

 Контрафакт заттардың "мекені" қайда?

"Көбіне барахолка базарында тексеріс жүргізіледі. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағы 3-тармақшасына сәйкес тексеріс көрсетілген мекенжайда ғана жүргізіледі. Сенімді дәлелдемелер мен негіздер болған кезде ғана тексеріс тағайындалады. Ол үшін Алматы қаласы Статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне акт жолдаймыз. Көбіне автокөлік бөлшектеріне қатысты, тұрмыстық тауарлар және техникалық заттар, ойыншықтарға тексеріс жүргізіледі. Заң талаптарына сәйкес тауар таңбасы құқық иелерінің рұқсатымен пайдаланылуы керек. Яғни тауар таңбасының құқық иесі мен оны пайдаланушы арасында келісімшарт жасалуға тиіс, ол мемлекеттік органда тіркелуге тиіс", - деді Алматы қаласы Әділет департаменті Зиятркелік меншік құқытар бөлімінің басшысы Еркебұлан Серікқалиұлы. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек