- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- тұрғын үйді жекешелендіру
Жалға алынған пәтер жекешелендірілетін болды: кімдер алады?
Тұрғын үй саясатын реформалау аясында қабылданған заң бірталай азаматтардың материалдық жағдайының артуына мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жалға алынған пәтерлерді біраз қазақстандық меншіктей алатынын айтты.
"Тұрғын үйді бөлу, тіркеу күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Бұл, ең алдымен, ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Жалпы реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылдың мамыр айында күшіне енгелі отыр", - деп атап өтті министр.
Реформаның қалған бөліктері келесі жылдың мамыр айынан бастап іске қосылмақ.
Пәтерге мұқтаж жандардың тізімін енді әкімдіктер жасақтамайды
Қанат Шарлапаевтың мәлімдеуінше, бұдан былай жергілікті атқарушы билік азаматтарды баспана кезегіне есепке қою және пәтерлерді үлестірумен айналыспайды. Енді бұл шаруа Отбасы банкіне беріледі. Бұдан былай аталған қаржы ұйымының құзыры кеңейтіліп, ұлттық даму институты дәрежесіне ие болады. Елдегі тұрғын үй құрылысы мен азаматтарды баспанамен қамту мәселесі тек Отбасы банкі арқылы электронды жүйе бойынша іске асырылады. Яғни баспана кезегіне өтінішті қабылдау енді осы мекеменің құзырында.
Бұрын қалай болды?
Бұрын тұрғын үйді есепке қою және бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болды. Әкімдіктер тұрғын үй кезегін жүргізіп, үйлерді бөлу және әлеуметтік осал топтарға қолжетімді баспана беру мәселелерімен айналысты. Бұл жүйеде әкімдіктер тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың құжаттарын қабылдап, кезекке қоюдан бастап, үйлерді таратуға дейінгі процесті толықтай қадағалайтын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет