Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидияны қалай алуға болады?

Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидияны қалай алуға болады?
Фото: Depositphoto, midjourney коллажы

Елімізде әлеуметтік осал топқа жататындар мемлекеттен пәтерді жалдау ақысының 50 пайыз мөлшерін ала алады. Судсидиялау тәртібін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі реттейді. Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидиялау қалай жүзеге асырылады? Оған кімдер және қалай қатысады? Massaget.kz тілшісі түсіндірді.

Субсидия ай сайынғы жалдау ақысының 50 пайызына тең және ел бюджетінен (80 пайызы - республикалық бюджеттен, 20 пайызы - жергілікті бюджеттен) төленеді. 

Субсидияға кімдердің құқы бар?

Ереже бойынша субсидия әлеуметтік осал топқа жататындарға төленеді, олар:

  • І және ІІ топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа жетпеген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

Оларға қандай талап қойылады?

  • Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет;
  • Отбасының әрбір мүшесінің табысы 43 407 теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, отбасында 5 адам (екі ата-ана және үш бала) болса, олардың бір айдағы жалпы табысы 217 035 теңгеден аспауы шарт.
  • Санаттар бойынша "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюды және тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін растауы қажет.

Фото:elements.envato.com

Табыс ретінде не есептеледі?

  • Жалақы;
  • ЖК кірістері;
  • Ақылы қызмет көрсету туралы шарт бойынша табыс;
  • Зейнетақы және мемлекеттік әлеуметтік төлемдер.

Жалдамалы пәтердің ауданы қандай болуы қажет?

Жалға берілетін тұрғын үйді қазақстандық отбасылар өз бетінше іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше факторларды ескеру қажет.

  • 1-3 адам бар отбасы - 40 шаршы метрге дейін
  • 4-5 адам бар отбасы - 60 шаршы метрге дейін
  • 6 және одан көп адам бар отбасы - 80 шаршы метрге дейін жалдай алады. 

Тұрғын үйді жалға алудың 1 шаршы метрінің бағасы жыл сайынғы АЕК деңгейі мен облыстың немесе қаланың белгілі бір коэффициенті негізінде қалыптасады.

Алдын ала есептеуді қалай өз бетінше жасауға болады?

Алдымен жалға берілетін тұрғын үйдің ауданын тексеріңіз. Егер сіз тапқан үйдің ауданы рұқсат етілгеннен көп болса, сіз рұқсат етілген ең үлкен аумақты, ал аз болса, нақты ауданды есептейсіз. Алынған жалдау сомасын келісімшарт бойынша жалдау ақысының сомасымен салыстырамыз және субсидияны есептеу үшін азын таңдаймыз, содан кейін екіге бөлеміз.

Мәселен, 5 адамдық отбасы Алматы қаласында ауданы 60 шаршы метр пәтерді 200 000 теңгеге жалға алғысы келеді.
160 000 теңге / 2 = 80 000 теңге пәтерге субсидия мөлшері.
160 000 - 80 000 = 80 000 теңге жалға алушы төлейді.

Фото:elements.envato.com

Субсидия алуға қалай өтінім тастаймыз?

  • Қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет;

  • Отбасы банкте ашылған депозит. Отбасы банкінде депозиттің болуы төлемдер аударылатын арнайы шотты автоматты түрде ашуға мүмкіндік береді;

  • Пайдаланушы otbasybank.kz сайтының басты бетінде өзінің субсидиялауға үміткер азаматтар тізімінде бар-жоғын тексереді. Ол үшін порталда ЖСН мен телефон нөмірін енгізу қажет.

  • Егер пайдаланушы жалға алуды субсидиялауға үміткерлер тізімінде тұрса және банктің клиенті болса, онда өтініш беру мүмкіндігі бар басты бетке өтеді;

  • Пайдаланушы өтініш береді. Ол үшін төлем алуға өтініш пен дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге қол қояды. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдейді және отбасының құрамын өзі анықтайды;

  • Отбасы құрамы анықталғаннан кейін отбасының әрбір кәмелетке толған мүшесі otbasybank.kz сайтына "қонақ" ретінде кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы мәліметтерді алуға құқық беру туралы келісімге, кірістер туралы мәліметтердің дұрыстығы туралы келісімге қол қояды. Өтініштерге ЭЦҚ көмегімен қол қойылады;

  • Жүйе деректерді тексереді және үміткер субсидияға немесе дәлелді бас тартуға рұқсат алады.

  • Егер мақұлданса, онда хабарламада пайдаланушы тұрғын үйді жалға ала алатын аймақты, тұрғын үйдің көлемін, жалдау ақысының максималды мөлшерін және ол талап ете алатын субсидияның максималды мөлшерін көреді;

  • Субсидия алуға мақұлдау өтінім мақұлданған күннен бастап 1 (бір) ай ішінде жарамды. 1 (бір) күнтізбелік ай өткеннен кейін өтінім жойылады;

  • "Жалға беруші туралы деректер" бөлімінде субсидиялауға үміткерге жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсету қажет және осы кезде процесс жалға берілетін тұрғын үйдің меншік иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.

Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Айта кетейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Massaget.kz редакциясы жолдаған ресми сауалына жауапта, 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы төлем алу үшін 40 713 өтінім берілгені айтылады. Алайда оның ішінде 15 706 өтінім ғана мақұлданған, сондай-ақ 17 693 өтінім мерзімінен бұрын тоқтатылып, бүгінге 10 мыңға жуық өтінім бойынша төлем жүргізіліп жатыр. 

Биыл жекелеген санаттағы азаматтардың жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйге ақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 8 миллион 286 мың 399 теңге сомасында қаражат бөлінген.

Судсидия алатындардың басым бөлігі "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар алады.

Сондай-ақ төлем алушылардың саны бойынша Шымкент, Алматы, Астана қалалары, Түркістан және Қызылорда облыстарында басымдық байқалады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә