“Жалдамалы пәтеріме әзер жетеді“. Алматыдағы “құл базарда“ жұмыс іздегендер азаяр емес

Алматыдағы "Құл базар" туралы ақпарат қаланың еңбек нарығындағы өзіндік құбылысты сипаттайды. "Құл базары" - бұл бейресми еңбек нарығы, онда жалдамалы жұмыс іздеушілер жиналып, жұмыс берушілерге өз қызметтерін ұсынады. Әдетте, мұндай базарлар Алматының белгілі аудандарында, ауыр жұмысқа немесе уақытша еңбекке сұраныс жоғары мезгілдерде жұмысшылар көп жиналады. Ондағы тыныс-тіршілікпен Massaget.kz тілшісі танысып қайтты.

© Суретте: Бір топ жұмыс іздеген қауым \ Нұрбол Ынтымақұлы

"Құл базарының" тарихы 90-жылдардағы экономикалық қиындықтар кезеңінен басталады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін көптеген адамдар жұмыссыз қалды, ал нарықтық экономика әлі толық қалыптаспады. Осы кезде Алматының түрлі бөліктерінде күнделікті табыс табуды көздеген жұмыссыздар жиналып, еңбек нарығының осындай бейресми түрі пайда болды. Бүгінгі күнде бұл орындар әлі де бар және көбінесе құрылыс, жүк тасу, жөндеу жұмыстарын ұсынушыларды жиі кездестіруге болады. 

Қалада бірнеше осындай орын бар. Олардың қатарында "Барахолка", "Сайран", "Орбита", "Алтын Орда" базары бар. Біздің жолымыз "Алтын Орда" базарына түсті.

© Суретте: "Алтын Орда" базарының қаладан шығар тұстағы қақпасы \ Нұрбол Ынтымақұлы

"Алтын Орда" базары маңында күнделікті жиналатын жұмысшылар ортасы - қала тұрғындарының өз күнкөрісін қамтамасыз ететін еңбек аймағы. Бұл жерде әр таң сайын 30-50 адам, көбіне жұмыссыздар, қарапайым азаматтар мен зейнеткерлер, әйелдер мен ерлер күнделікті табыс табуға жиналады. Олар таңғы 8-де жинала бастайды, кейбіреуі өзімен бірге жұмысқа қажетті құрал-саймандарын, арнайы киімдерін де ала келеді.

© Суретте: Сайманын арқалап жүрген жұмысшы \ Нұрбол Ынтымақұлы

© Суретте: Жұмыс киімін арқалаған жұмысшы \ Нұрбол Ынтымақұлы

Ауа райының суытқанына қарамастан, мұндағы адамдар белсенді түрде жұмыс іздеп, көліктерді қоршай бастайды. Біз барған уақытта алғашқы көлік келіп, жұмыс ұсынды. Жұмыс беруші құрылыс материалдарын тасу қажет екенін айтып, екі-үш адамға жұмыс барын, 3-4 сағаттық жұмыс үшін әрбір жұмысшыға 8 мың теңге төленетінін мәлімдеді. Кейбір жұмысшылар бұл ұсыныспен келісіп, көлікке мініп жатты.

© Суретте: Жұмыс ұсынушы көлігін қаумалаған адамдар \ Нұрбол Ынтымақұлы

Бізбен сөйлескен кейіпкердің айтуынша, мұндағы жұмыстың қиыншылығына қарамастан, табыс салыстырмалы түрде жақсы. 

"Мемлекет ұсынған жұмыстың айлығы 80-150 мың теңге. Бұл ақша жалдап отырған пәтеріме әзер жетеді. Қайта мұнда келіп, күн сайын жұмыс істесем, айына 300 мың теңгеге дейін табыс таба аламын. Әрине, ауыр, оңай жұмыс емес, бірақ басқа амал жоқ. Балаларымды асырап, анамды қолдап отырған соң, қайда барсаң да, тек өзіңе сенім артуға тура келеді," - дейді.

Кейіпкеріміз Өзбекстаннан көшіп келгенін де айтты. Басты арманы - отбасын лайықты тұрмыс жағдайымен қамтамасыз ету.

"Әкем ерте қайтыс болды, анам да қартайып келеді. Еңбекпен тапқан әр теңгенің қадірі зор. Бірақ әрине, тұрақты, лайықты жалақы болса, мұнда шығудың қажеті де болмас еді," - деп ағынан жарылды.

Алайда біз өзімізді журналист ретінде таныстыра бастағанымызда, көптеген жұмысшылар сұхбат беруден бас тартып, бізден алыстауды жөн көрді. Арасында "балам, мұнда келіп түсірудің қажеті жоқ" деген дауыстар да естілді.

"Жұмыссыздық жегіқұрттай барлық салаға дендеп еніп жатыр"

© Суретте: Нартай Сәрсенғалиев \ Мәжіліс баспасөз қызметі

Еліміздегі жұмыссыздық мәселесі туралы осыдан бір жыл бұрын Мәжіліс отырысында Нартай Сәрсенғалиев баяндама жасаған болатын. Ол жұмыссыздыққа қатысты жалған статистиканы сынға алған еді.

"Қазақта "қолыма жұмыс бергенің - жаныма тыныс бергенің" деген сөз бар. Бірақ қазір Қазақстан халқының тынысы тарылып, жұмыс таба алмай жүр. Жұмыссыздық жегіқұрттай барлық салаға дендеп еніп жатыр. Құзырлы органдардың өтірік статистикасы жұмыссыздықты әдейі жасыруға тырысады. Соңғы үш жыл бойы Ұлттық статистика бюросы жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз, 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетіп келеді. Бұл мәселені кешенді шешудің орнына, жалған есептермен уақыт өткізіп отырмыз", - деп көрсеткен болатын. 

Соңғы деректер де депутат сөзін растайтындай. 2024 жылғы 2 тоқсандағы жұмыспен қамту деңгейі жұмыс күшінің санына шаққанда - 95,3%-ды құраған. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады. Жұмыссыздар саны 451 мың адамды құрап отыр. Дерек Ұлттық статистика бюросынан алынды. Осыдан бір жыл бұрынғы деректен қатты айырмашылық байқалмайды. 

© Суретте: Асхат Аймағамбетов \ Gov.kz

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те елдегі жұмыссыздық мәселесін сынға алып, қолданылып жатқан шаралардың көбінің тиімсіз екенін жазған едік. Онда да депутат мәселенің өзектілігін атап өткен.

"Баяғы жартас - сол жартас. Біз әлі де уақытша жұмыс орындарын құру, қайта оқыту, шағын несие беру сияқты шаралармен шектеліп жүрміз. Бұл шаралардың тиімділігі зерттелмейді де. Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен. ​Сонда жыл сайын миллионға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды. "Мынандай темппен - жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді ғой. Мұның барлығы жүйелік проблемалардың бар екендігін көрсетеді", - деді Мәжіліс депутаты.

"Жұмысы жоқ, не грант жоқ, қарызға кіріп отыр"

Жұмыссыздықпен күрес бағытында үкімет тарапынан көрсетілген қолдау шараларының кейде тиімсіздігіне Ақнұр Түкешованың әлеуметтік желіде жариялаған оқиғасы да дәлел бола алады. Ол 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде грант ұтып алып, кәсібіне салған жанның оқиғасын баяндаған. Ол кәсіпкердің уақыт өте ісі жүрмей, үш айдан кейін уақытша жұмысқа тұрмақ болған. Бірақ жергілікті Мансап орталығы оны жұмыссыз ретінде тіркеуден бас тартып, грант қаражатын қайтаруды талап еткен. 

"Барлық керекті заттардың чектері бар, 3 ай жұмыс жасаған есептерін тапсырған. Алған заттарды сол бағаға сата алмайды. Ақшаны кері қайтармасаң, жұмыссыз деген справканы бермейміз деген соң, амал жоқ, біреуден ақша алып қайтарған. Уақытша жұмыстан шығарып жіберген. Қазір уақытша тұрған жұмысы жоқ, я грант жоқ, қарызға кіріп отыр", - делінген жазбада.

Қазір бұл кейіпкер Ұлттық статистика бюросында өз-өзін жұмыспен қамтыған азамат ретінде тұр. Осы сияқты азаматтардың елімізде қаншама екенін шыны керек, мәжіліс депутаты Аймағамбетов айтпақшы, ешкім екшеп жатқан жоқ. 

Осылайша, елімізде жұмыссыздықтың түйткілдері өзекті болып қала береді. Қарапайым адамдардың күнделікті табыс табу үшін "құл базарына" жиналуы, уақытша шаралардың жеткіліксіздігі мен еңбек нарығындағы мәселелерді ашып көрсетеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз