- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жалдамалы пәтер алған...
Жалдамалы пәтер алған жастар басқа бағдарламаларға қатыса ала ма?
Жастар жылы аясында жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жобаның бірі – 29 жасқа дейінгі жастарға арзан бағада жалдамалы пәтер беру. Бағдарламаға кімдер қатыса алатынын және пәтерді қалай алуға болатынын осыған дейін жазған едік. Бұл мәселе бүгін елорда әкімдігінің баспасөз орталығындағы брифингте көтеріліп, Жастар және отбасы істері бойынша комитет төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов жалдамалалы пәтер алған жастар басқа бағдарламаларға қатыса алмайтынын айтты.
"Осы бағдарлама арқылы жастар жалдамалы үйді алып жатса, ол үміткер баспана бойынша екі тізімде бола алмайды. Яғни, ол баспана бойынша басқа кезектен шығарылады. Жалдамалы үйге ие болған азамат "7-20-25" секілді немесе басқа да әкімдіктің бағдарламасында тұрса, олардан автоматты түрде алынып қалады. Тек бір тізімде болады", - деді Шахмардан Байманов.
5-10 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы жалдамалы пәтер алуға ниетті жандардың өтініштері қабылданады. Өтінішті тек электронды форматта, Smart Astana порталы арқылы өткізу керек.
Нұр-Сұлтанда биыл бір және екі бөлмелі 1050 пәтер беріледі (30-70 шаршы метрге дейін). Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, жастарға 202 екі бөлмелі және 848 бір бөлмелі пәтер тапсырылады.
Айта кетейік, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасы бұйрық берді. Жалдамалы пәтер 29 жасқа дейінгі жастарға Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында беріледі.
А. Қажиев