Адамдар жұмыста, далада серуендегенде және спортпен айналысқанда аяқкиіммен жүреді. Кей адамдар үйдің ішінде де тәпішке киіп жүреді. Алайда жалаңаяқ жүрудің денсаулыққа пайдасы көп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Heroine порталына сілтеме жасап.
Қан айналымды жақсартады
Денсаулықты қатайту үшін жерде және шөпте жалаңаяқ жүру керек. Мұндай шешімге 2015 жылы АҚШ ғалымдары келді. Олардың зерттеуі жалаңаяқ серуендеу қан айналымды жақсартуға ықпал ететінін және қабынуды азайтып, ауырсынуды жеңілдететінін дәлелдеген. Ғалымдардың айтуынша, дене жермен байланысқан кезде бос электрондар оның бетінен ағзаға түседі, бұл жерде олар антиоксиданттық әсер береді.
Ұйқы сапасын жақсартады
Америкалық ғалым Джеймс Олшман 2007 жылы шөптің үстімен жалаңаяқ жүру ұйқы сапасын жақсартатынын көрсететін зерттеу жүргізді. Сондай-ақ жердің және құмның үстімен жүру де пайдалы. Ғалым жаяу жүру ағзадағы кортизол деңгейін реттеуге көмектесетінін анықтады. Жалаңаяқ жүрген адам күйзеліспен жақсырақ күреседі, ал бұл ұйқысыздықтан арылуға көмектеседі.
Табан бұлшықеттері жұмысын ынталандырады
Ортопед Ана Карбо үйдің ішінде жиі жалаңаяқ жүруге кеңес береді. Бұл әдет бұлшықеттер жұмысын ынталандырады. Үнемі аяқкиім кию табан бұлшықеттерін әлсіз етіп, өзгеріске ұшыратады. Әсіресе майтабан, табан ауыруы секілді аяқ проблемасы бар адамдар жиі жалаңаяқ жүру керек.
Табанда сезімтал жүйке ұштары өте көп. Қаншалықты жиі жалаңаяқ жүрсеңіз, жүйке ұштарын соншалықты жиі іске қосасыз. Бұл жалпы ағзаның жағдайын жақсартуға және аяқтағы ауырсынудан арылуға көмектеседі.
Теріні қабыршақтандыруға көмектеседі
АҚШ дерматологы Исаак Элиаздың айтуынша, құмның үстінде жалаңаяқ жүру пилинг-процедура ретінде әсер етеді. Ол табан терісіне жұмсақ массаж жасап, терінің өлген жасушаларының алынуына көмектеседі.
Үйде жасауға болатын салондық SPA-процедуралар
Психикалық денсаулықты жақсартуға көмектеседі
АҚШ дәрігері Санди Шварц жерде жиі жалаңаяқ серуендеуге және бағбаншылықпен айналысуға кеңес береді. Топырақта Mycobacterium vaccae бактериясы бар. Онымен байланыс кезінде серотонин бөлінуіне әсер ететін жасушалар іске қосылады. Бұл гормон көңіл күйді жақсартуға және кей психикалық аурулардың пайда болу қаупін төмендетуге қажет.