Жалақыңыздан ұстап, шотыңызды жауып тастауы мүмкін: Алматы тұрғындары суға миллиондаған теңге қарыз

Жалақыңыздан ұстап, шотыңызды жауып тастауы мүмкін: Алматы тұрғындары суға миллиондаған теңге қарыз
Фото: depositphotos.com

Алматыда тұрғындардың суға және кәріз қызметіне жалпы берешегі 550 миллион теңгеден асты. "Алматы Су" тұрғындарды коммуналдық қызмет ақысын уақытында төлеуге және қарыз жиналуына жол бермеуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қанша қарыз жиналған?

Кәсіпорын ұсынған мәліметке сәйкес жалпы берешектің 250 миллион теңгеге жуығы көпқабатты үйлердің тұрғындарына тиесілі. Ал жеке сектордағы тұрғындардың қарызы 300 миллион теңгеден асқан.

Алғашында қандай шаралар қолданылады?

"Алматы Су" қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, берешегі бар тұрғындардың үйлеріне барады. Оларға қарызды өтеу қажет екені туралы хабарламалар табыстап, төлемді кешіктірудің салдары қандай болуы мүмкін екенін түсіндіреді.

"Алматы Су" өкілдерінің айтуынша, су және кәріз қызметтері үшін төлем ай сайын 15-іне дейін ұсынылады. Төлемді сол айдың 25-іне дейін төлеу қажет. Осы мерзімде төлем жасалмаса, 26-сынан бастап берешек мерзімі өткен қарыз болып есептеліп, оған өсімпұл есептеледі. Соның салдарынан қарыз сомасы біртіндеп ұлғая береді.

Тұрғын берешегін өтемесе, кәсіпорын су беруді шектеуге немесе толық тоқтатуға құқылы. Мұндай шара қолданылғанға дейін күнтізбелік үш күн бұрын тұтынушыға тиісті ескерту беріледі. Бұл шаралар заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Іс сотқа жетуі мүмкін

Берешек ұзақ уақыт бойы өтелмесе, "Алматы Су" қарызды өндіріп алу үшін нотариусқа немесе сотқа жүгіне алады. Мұндай жағдайда борышкер су және кәріз қызметі үшін негізгі қарызды ғана емес, өсімпұлды және берешекті өндіріп алуға байланысты шығынды да төлеуге міндетті болады.

Іс сот орындаушыларына берілген жағдайда олар борышкердің банк шоттарына, мүлкіне тыйым салуы, жалақысының немесе өзге де табысының бір бөлігін ұстап қалуы мүмкін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget