- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жалақым - 100...
"Жалақым - 100 мың теңге". Марат Әйтенов балаларына қанша алимент төлейтінін айтты
Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов "Barys Media"-ға берген сұхбатында алимент жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Марат Әйтенов сот шешімі бойынша ол жалақысының 50%-ын Дана Әтешоваға беру керегін айтты.
"Біз 2020 жылы желтоқсан айында ажырастық. Сот шешімі 2021 жылы 5 қаңтарда өз күшіне енді. Желтоқсан айына дейін 11 ай бойы балаларымның шығынын, жүріс-тұрысын, оқитын мекемелерін, балабақшаларын, киімдерін толық 100% өзім қамтамасыз еттім. Қараша айында Дана Әтешова алимент алуға жүгінді. Алимент бойынша жалақының 50%-ын ол алу керек. Сот менің үлкен балаларымның да бар екеніне қарамаған, олардың үлесін белгілемей, "табыстың 50%-ын Дана Әтешоваға беру керек" деген шешім шығарды.
Мен Данаға бәрін есептеп, ода шығын менің жалақымның жартысынан да көп екенін айттым. "Мен бұрынғыдай алименттен көп төлей берейін бе әлде сен сол заңның аясында 50%-ды алып, соған күн көресің бе, таңда" дедім. Бірақ қалған қаражатты қайдан алатынын білмеймін. "Жұмыс істеуге әрекет жасайтын шығарсың" дедім", - дейді ол.
Сондай-ақ ол интернетте тараған жалған ақпараттардың себебінен жұмыстан өз еркімен кеткенін атап өтті.
"Ол жұмыс істеп жатырған адамға лай жаға бастады. Бұл менің жұмысыма кедергі келтірді. Қызметте қызметкерлердің көзіне қарай алмай қалдым. "9 жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетті, шетелде ұшақтары, зауыттары бар" деп неше түрлі жалған ақпарат таратты. Менің беделіме нұқсан келтірді. Жұмысқа келіп те, біраз жанжал шығарды. Сөйтіп, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Енді ол айлық жоқ. Басқа жұмыстар іздей бастадым. Көп жер "интернетте сен жайлы осындай мәліметтер тарап жатыр, ала алмаймыз" деді", - дейді Марат Әйтенов.
Марат Әйтенов қазір ауылда жұмыс істейтінін және 100 мың теңге алатынын айтты.
"Маған ауылдан жұмыс табылды. Ол жоба қазір жүріп жатыр. Ол жаққа бар білімімді, тәжірибемді, көргенімді жеткізіп жатырмын. Ол жерде 100 мың теңге айлығым бар, соның 50 мың теңгесі Дананың үлесіне кетіп жатыр. Бірақ оған қарамастан, балаларыма келіп, мектепке дайындалуға көмектесіп отырамын", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы бұрынғы әйелі мен үш баласын үйінен күштеп қуып шыққаны туралы видео тарап кетті. Кадрларда белгісіз ер адам Дана Әтешованы үйінен күштеп алып шығады. Кадр сыртында бұл Марат Әйтенов екені айтылады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.
"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп, күш қолданғанда, бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - деп жазылған жазбада.
Дана Әтешова бұл жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Ал Астана полициясы Әйтенов отбасын үйінен қуып шыққан шулы видеодан кейін тергеу жүргізілгенін хабарлады. Кейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов ұсталды.
Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды.
Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайға қатысты пікір білдіріп, балалар қорғауға алынғанын айтты.
Дана Әтешова Massaget.kz-ке сұхбат беріп, мәселенің мән-жайын айтып берген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова