- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жалақы, зейнетақы және...
"Жалақы, зейнетақы және арнайы төлемдер". 2024 жыл қандай өзгерістер болады?
Massaget.kz тілшісі 2024 жылы қандай өзгерістер болатынына шолу жасады.
Кеншілер арнайы төлем алады
14 желтоқсанда Сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екінші оқылымда мақұлдаған болатын.
Ол бойынша әлеуметтік және еңбек кодекстеріне еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Бұл төлем еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алады.
Төлемдер мыналардан тұрады:
- Бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
- Сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.
- Сондай-ақ бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы айқындалды. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
Көрнекі сурет: Qarmet баспасөз қызметінен
Бұдан басқа еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды:
- Сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6 пайыз шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуі;
- Сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі (369 200 теңге, 2024 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге болады) мөлшерде өтеуі;
- Жазатайым оқиға салдарынан келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмау.
2024 жылы зейнетақыны шығарып алу үшін жеткіліктілік шегі қанша болады?
Қазақстанда жеткіліктіліктің жаңа шегі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 2024 жылға арналған шек өзгерген жоқ (2023 жылғы деңгейінде қалды) және жас мөлшеріне байланысты 3-тен шамамен 10 миллион теңгеге дейін жетеді.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен болжамды есептеулерді ескере отырып, 2024 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшері қазіргі деңгейде сақталады.
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері бекітілді
Сенаттың сайтындағы мәлімет бойынша, заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мыналарды белгілеу қарастырылған:
- ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге;
- ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге;
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге;
- базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн күнкөрiс минимумы – 43 407 теңге.
Ораза қашан басталады?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2024 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді.
Айта кетейік, 2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал Қадір түні 6 сәуірге қараған түнге сәйкес келсе, Ораза айт 10 сәуірде болады.
"9-20-25" бағдарламасы іске қосылады
23 қарашада премьер-министр Әлихан Смайылов келесі жылы "9-20-25" бағдарламасын іске қосу жоспарланып отырғанын, нәтижесінде 8 мың отбасы баспаналы болатынын мәлімдеді.
"Халықтың тарапынан қолдау тапқан бағдарлама - "7-20-25". Бірақ оны іске асыру үшін қаражат керек. Ұлттық банк өз лимитін қойды. Ал бұл лимит сұранысты қанағаттандыруға жеткіліксіз. Енді Ұлттық банк осындай шектеу қойғасын біз, Отбасы банкі мен "Бәйтерек" ұлттық холдингі қазір өзіміздің қосымша тағы бір бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Ол - "9-20-25" бағдарламасы: 9 пайыз 25 жылға (алғашқы жарна - 20 пайыз)", - деді Әлихан Смайылов Сенат кулуарында.
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Зейнетақы қаншаға өседі?
Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2024 жылға арналған инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізде көзделетінін ескере отырып, "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерінің 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға өсөді.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызға өседі. Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60 пайыздан 65 пайызға дейін, ал ең жоғары мөлшері – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 105 пайызға дейін артады.
Елімізде шенеуніктер мен әскерилерге казиноға баруға тыйым салынуы мүмкін
Құжатта азаматтарға "Ойын бизнесі туралы" ҚР Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемесіне барудан бас тарту ұсынылған.
Заңға өзгерістер енгізуге арналған құжат 28 тамызға дейін талқыланады.
"Іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу, оның ішінде қызметтік қажеттілікке байланысты баруды қоспағанда, "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемесіне барудан тартыну ұсынылған", - делінген құжатта.
Фото: pexels.com
ҰБТ-ға қаламсап алып кіруге тыйым салынады
Ұлттық тестілеу орталығы 2024 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде болатын тағы бір жаңашылдықты жария еткен болатын.
Келесі жылдан бастап ҰБТ-да ереже бұзудың алдын алу мақсатында талапкерлерге тестілеуге қаламсап әкелуге рұқсат етілмейді. Тестілеуге тек жеке куәлікпен кіргізеді. Сондай-ақ өзіңізбен су және шоколад алып кірсеңіз болады. Айта кетейік, қалам мен қағазды тек тестілеу әкімшілері (кезекшілер) береді.
2024 жылы кімдердің жалақысы өседі?
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап лауазымдық міндеттеріне түзету коэффициентін қолдану арқылы азаматтық қызметкерлердің жекелеген санаттарының (педагогтерді, медициналық және әлеуметтік қызметкерлерді қоспағанда) жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталған.
2022 жылы бұл коэффициенттің мөлшері 1,23 болса, 2023 жылы 1,45-ке жетті. 2024 жылы ол 1,71-ге, ал 2025 жылы 2,0-ге дейін көтеріледі. Осылайша, төрт жыл ішінде азаматтық қызметкерлердің жалақысы екі есеге өседі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін (ЕТЖ) 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамына сәйкес, осыған орай меншіктің әртүрлі нысанындағы кәсіпорындарда барлық салада жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы қызметкердің табысы өседі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина