"Жақындауға қорқып тұрмыз". Өздігінен тербеліп тұрған әткеншек зайсандықтарды шошытты

"Жақындауға қорқып тұрмыз". Өздігінен тербеліп тұрған әткеншек зайсандықтарды шошытты
Фото: Автордан

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан қаласының тұрғындары балалар ойын алаңының біріндегі әткеншектің бірнеше күн тоқтаусыз тербелгенін айтты. Мұның себебін анықтағанша, имамды да шақырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жергілікті жұрт мұны Зайсан орталығында болған бұрынғы оқиғалармен байланыстырды. Бірі 30-40 жыл бұрын әскери бөлім жұмыс істегенде жас қызға қатысты қайғылы жағдай болғанын айтса, енді бірі жазатайым жағдайлардан бірнеше адам көз жұмды деді. Ал желді күні тербеліп тұрған әткеншекті бейнежазбаға түсірген тұрғын мұның себебін әріден іздегендей.

"Мамыр айының 26-сы күні таңертең телефонға түсіргем, ешкім сенбеді. Қазір кешкі сағат 21:00 болды. Жел жоқ, бір әткеншек қозғалып тұр, жанындағысы қыбыр етпейді. Біреу физика деді, жел деді. Қазір халық көп жиналып қалған. Қасына баруға қорқып тұрмын", - деген әйелдің сөзінен соң Жарқын есімді азамат сол "мазасыз" әткеншекке отырып та көрді.


Арада бірнеше күн өткенде жел үдеді. Зайсандықтар тағы бейнежазбалармен бөлісті. Айтуларынша, тылсым жағдай күнде таңертең болады.
Осыдан соң алдымен имамға жүгініп, кейін өлілер әлеміне сапар шеге алатын Айгүл есімді әйелмен байланысқа шықты. Зайсандық имам бірнеше аят Құран оқыған. Бейнежазба авторы аяттар оқыла бастағанда әткеншек одан әрі қатты тербелгенін жеткізді.

"Иә, көпқабатты үй тұрған жерде әскери бөлім болған. Мен ол жерде 1980-1982 жылдары қызмет еттім", - деді Нұрлан Қайырбек есімді тұрғын. 


Жағдайдың анық-қанығын білу үшін сайт тілшісі Зайсан қалалық әкімдігіне қоңырау шалды. Олар бұл жайттың барын жасырған жоқ, алайда ақпарат беруге құлшынбады.


"Ондай ешнәрсе айта алмаймыз. Әңгіменің шет-жағасын естідік. Ол жаққа адамдар баруы керек", - деп қысқа қайырды.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы