Ақтөбеде ата-анасымен бірге кепілге алынған 40 жастағы тұрғын есін жиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
13 қаңтарда Ақтөбеде белгісіз ер адам әйелді ата-анасымен бірге жеке үйде кепілге алды. Қайғылы оқиға салдарынан әйелдің ата-анасы қайтыс болды.
Дәрігерлер аман қалған жәбірленушінің жағдайы туралы айтты. Қазір әйел полицияның тәулік бойы күзетуімен нейрохирургия бөлімінде жатыр.
Ақ халаттылардың сөзінше, жәбірленушінің жағдайы сәл жақсарған, бірақ әлі күнге дейін анасы мен өгей әкесі қайтыс болғанын білмейді.
"Науқастың жағдайы орташа ауыр. Ол толық есін біледі. Нейрохирургия бөлімшесінің палатасында жалғыз жатыр. Әйелдің денесінде көгерген жер көп, сондай-ақ қатты күйзеліске түскен. Әйелмен күн сайын психологтар жұмыс істейді. Ол ата-анасы мен сол күнгі оқиға туралы сұрайды, бірақ біз көп нәрсе айтпаймыз. Оған емделу керек екенін, тұруға және жүруге болмайтынын айтып жатырмыз", - деді облыстық көпсалалы аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мақсат Оразжанов.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың ұялы телефоны жоқ және оған ешкім палатаға кірмеген. Сондықтан ол жақындарының өлімі туралы білмейді.
Ал қайғылы оқиға болған үйде туыстары марқұмдарды жерлеуге дайындалып жатыр.
16 қаңтарда 67 жастағы әйел мен 74 жастағы ер адамды жерлеу рәсімі өтеді.
Ақтөбеде 13 қаңтарда кешкі сағат 20.00-де 102 пультіне белгісіз біреу жеке үйлердің біріне кіріп, адамдарды кепілге алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылды, аудан қоршауға алынды.
Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр.
Кейінірек екі жәбірленуші қайтыс болғаны, бір адам жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды.
Өңір әкімі жағдайға пікір білдіріп, барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз