Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Мәжілістің пленарлық отырысы барысында елдің 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елдің 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2016 жылға арналған жалпы ішкі өнімнің нақтыланған бағалауы және халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың өсуі жөніндегі болжамдары, сондай-ақ тауар нарықтарындағы әлемдік бағалардың өзгеру үрдістері негізінде әзірленген.
2017 – 2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2017 – 2019 жылдарға арналған бюджет параметрлері базалық сценарий негізінде қалыптастырылды. Осы сценарий бойынша мұнай бағасы 2017-2019 жылдары барреліне 35 АҚШ доллары деңгейінде және одан әрі 2021 жылға қарай барреліне 45 АҚШ долларына дейін елеусіз ұлғаюымен консервативті деңгейде алынды.
«Мұнай өндіру көлемі 2021 жылы 86,5 млн. тоннаға дейін одан әрі ұлғаюымен 2017 жылы 79,5 млн. тонна деңгейінде күтілуде.
ЖІӨ-нің нақты өсуі 2017 жылы 1,9% деңгейінде 2021 жылға қарай 3,1% дейін өсуі болжануда», - деп хабарлады министр.
Өнеркәсіп өсуінің орташа жылдық қарқыны орташа 2,1%-ды құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 2,1%-ды, тау кен өнеркәсібі – 2,2%-ды құрайды.
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 3,0% деңгейінде, құрылыс саласында 3,6% деңгейінде болжанады.
Болжамданып отырған экономиканың өсу қарқынына сәйкес ақша-кредит саясаты және төлем балансының болжамдары қалыптастырылды.
«Экспорт кейіннен 2021 жылы 53,3 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғая отырып, 2017 жылы 40,2 млрд. АҚШ доллары деңгейінде, импорт 2017 жылы 29,1 млрд. АҚШ долларынан 2021 жылы 38,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2017 жылы 6,0-8,0% шегінде болып кейіннен 2021 жылға қарай 3,0-4,0%-ға дейін төмендейді», - деп хабарлады Бишімбаев.
Бұдан басқа, макроэкономикалық болжам негізінде 2017 – 2019 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер болжамы әзірленді.
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2017 жылы 4 338,2 млрд.теңге, 2018 жылы – 4 562,3 млрд.теңге, 2019 жылы – 4 877,2 млрд.теңге сомасында болжанып отыр.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыруға бұдан бұрын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған 720,0 млрд. теңгеден 2017 жылы 441,6 млрд. теңге мөлшерінде Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту жоспарлануда.
«Қалған 278,4 млрд. теңге Ұлттық қордың резервінде қалды. Оларды пайдалану экономикада қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, 2017 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарастырылады», - деп түсіндірді Министр.
Оның айтуынша, 2017 жылы бюджет тапшылығын 578,1 млрд. теңгеге немесе ЖІӨ-ге қатысты 1,2 %-ға (2016 жылы ЖІӨ-ге қатысты 2,0 %) дейін төмендету жоспарлануда. 2018-2019 жылдары тапшылықты ЖІӨ-ге қатысты 1,0%-ға дейін одан әрі төмендету жоспарлануда, бұл 2017-2019 жылдары мемлекеттік борышты ЖІӨ-ге қатысты 22%-дан аспайтын деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Республикалық бюджет шығыстары 2017 жылы 8 563,1 млрд. теңге, 2018 жылы – 8 368,1 млрд. теңге және 2019 жылы – 8 746,8 млрд. теңге мөлшерінде айқындалды.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, экономикалық өсуді және өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында 2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы шығыстарының негізгі басымдықтары аграрлық секторды үдемелі дамыту, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамыту, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту болып айқындалды», деп қорытындылады Бишімбаев.