Қазақстанның Энергетика министрлігі бірқатар өңірде жарық өшуіне қатысты тағы да мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, қазір KEGOC АҚ желілері бойынша электрмен жабдықтау толық көлемде қалпына келтірілген.
"Өңірлік энергиямен жабдықтаушы ұйымдар кейбір тұтынушыларды кезең-кезеңімен қосып жатыр. Жақын уақытта электрмен жабдықтау толық көлемде қалпына келтіріледі", - деді министрлік өкілдері.
Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында екені айтылды.
Еске салайық, 14 тамызда сағат 15:00 шамасында Алматы қаласы мен Алматы облысында электр қуаты өше бастады. Қаланың түрлі ауданының тұрғындары жарық жоқ екенін хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша KEGOC компаниясына тиесілі кернеуі 500 кВ болатын әуе электр желілерінде апат болған. Алдын ала мәлімет бойынша апат салдарынан жалпы қуаты 300 МВт болатын жүктеме ажыратылған.
Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында жарық сөнген. Ал Алматыда Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында жарық сөнгені ресми түрде расталды.
Жетісу облысы, соның ішінде Талдықорған мен Текелі қалалары да жарықсыз қалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова