Шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жеке өміріне қатысты пікірлерге байланысты оқырмандарына үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
22 жастағы қазақстандық шахматшы Telegram-арнасында өз ойын бөлісті. Оның айтуынша, үміткерлер турнирінен кейін оқырманы көбейіп, арнаны жүргізу қиындай түскен. Бұған дейін ол бұл парақшаны жеке күнделік сияқты қабылдағанын айтты.
"Оқырман көбейген сайын теріс пікір мен сын да қатар жүреді. Мансабымда бұған үйреніп қалдым. Бірақ дәл осы арнада жайлы атмосфера сақтағым келеді. Сондықтан маған бағытталған кез келген жағымсыз пікірді бұғаттаймын. Тағы бір өтінішім бар: қалай өмір сүруім керек, кіммен кездесуім, кіммен дос болуым немесе немен айналысуым қажет екені туралы сұрамаған кеңес бермеңіздер. Мені жақсы көрмей-ақ қойыңыздар, бәріне ұнауға міндетті емеспін. Егер бір нәрсе көңіліңізден шықпаса, жай ғана қарамай-ақ қойыңыздар», — деді Асаубаева.
Айта кетейік, спортшының Telegram-арнасына шамамен 20 мың оқырманы бар.
Бибісара Асаубаева — блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы. Қазақстандық шахматшы кейінгі рет бұл турнирде 2025 жылдың аяғында жеңіске жеткен. Осы жеңісінің арқасында ол 2026 жылғы үміткерлер турниріне қатысушылар қатарына енді.
Бұған дейін шахматшы Tengri Sport-қа берген сұхбатында турнирлерге дайындыққа қанша қаржы жұмсайтынын айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!