"Жағымсыз иіс шаршатты": Көкшетауда ондаған үйдің кәрізі ағып, жертөлесі суға толды

"Жағымсыз иіс шаршатты": Көкшетауда ондаған үйдің кәрізі ағып, жертөлесі суға толды
Фото: Автордан

Көкшетауда ондаған көп қабатты үйдің жертөлелері суға толып, кәріз құдықтары ернеуінен асып төгіліп жатыр. Алайда құзырлы "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорны түйінді түйткілді айлар өтсе де шеше алар емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Ащы жанайқайын жеткізген Абай көшесі 59 үйді тұрғыны жертөлесінен қолқаны қабатын жағымсыз иістен қажығанын, кәріз құдығының лықа толып тіпті сыртына шығып жатқанын жеткізді. Жағдайды анықтау барысында шаһарда ондаған көп қабатты тұрғын үйлердің де дәл осындай жағдайда екенін анықтадық. Назарбаев даңғылы 2г және 2в, Әуелбеков 178, 170, Сүлейменов 13 в, 8 және 6 үйлердің жертөлелері суға толып кеткен. Тұрғындар мәселе қалалық деңгейде шешілмесе облыс әкіміне тікелей кіру қажет деп есептейді.

"Әлі күнге ешкім келген жоқ. Өткен жолы машина шлагбаум жабып тұр деп кетіп қалған. Бірақ бізде аулаға кіретін екінші жол да бар. Үйдің жертөлесі суға толып барады. Иісі қолқаны қабады. Бұл дегеніңіз сұмдық", - дейді Назарбаев көшесі 2 в үйінің тұрғындары. 

Абай көшесі 59 үйдің жертөлесінде су жерден бір метрге дейін көтерілген. "Көкшетау Су Арнасы" жұмысшылары тұрғын үйге келген. Бірақ істі соңына дейін жөнге келтірмеген болып шықты. 

"Біз бәріміз облыс әкіміне бармақпыз. Өйткені, "Су Арнасы" жұмыс істемейді. Біздің үй міне бір айдан бері іс жүзінде суда тұр. Жертөле суға толған. Бес күннен бері коллекторға байланысты кері клапаны жұлынып қалды. Бұл коллекторлы магистраль Абай көшесін бойлай өтеді. Ал оны құдықтардан тазарту керек. "Көкшетау Су Арнасы" бұл былықты ай сайын тазартуы тиіс болатын. Оның үстіне жаңадан үйлер салынып инженерлік желілердің қауқары да жетер емес. Мұндай жағдай Абай көшесі 59 ғана емес басқа үйлерде де бар", - дейді Абай көшесі 59 үйдің тұрғындары. 

Ал "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорны кәріз құдықтарының толып қалғаны жөнінде ондаған өтінім түсетіндіктен іс жүзінде үлгермейтінін ашық мойындады. 

"Бізге құдықтардың ернеуінен асып толып бара жатқаны жөнінде 40 өтінім түсті. Желіде төр көлік жұмыс істеуде. Оның бірі істен шықты. Коллекторды іске қостық. Мүмкіндігінше тазартып жатырмыз. Бүгін бір экипаж төрт өтінімді орындап және бір құдықты тазартты. Бір экипаж алты өтінімді орындады. Сонымен қатар Назарбаев көшесі 2г, 2в, 2д мекенжайдағы үйлердің мәселесін шештік. Кейде біздің экипаж барғанда кірме жолдар жабық жатады. Құдықтардың үсті қарға толып тұрады. Кейде көліктер құдықтың үстінде тұрады. Мұндай жағдайда әрине дау-дамай туындайды. Біз ашық құдықтарды тазартып, жауып береміз. Өтінімдерді мүмкіндігіне қарай қарап орындауға тырысамыз", - дейді "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорнының өкілі. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы