Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайда есірткі тасымалдағаны үшін сотталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдай қандай екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ресми өкілге "Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты іс қандай сатыда? Себебі, әлеуметтік желіде неше түрлі ақпарат тарап жатыр" деген сұрақ қойылды.
Айбек Смадияров желідегі ақпаратқа сенбеуге шақырды.
"Соңғы 6-7 жылда әлеуметтік желіде неше түрлі ақпарат шықты. Біреуін де растаған жоқпыз. Сондықтан оған қатысты ақпаратты растай алмаймын. Егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса, Бас прокуратураға хабарлассаңыз болады. Осы мемлекеттік орган экстрадицияға жауап береді. Біз (Ақжарқын Тұрлыбаймын) байланыстамыз, жағдайы жақсы", - деді ресми өкіл.
Еске салайық, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдағы Гуанчжоу әуежайында ұсталған еді. Ол есірткі контрабандасы үшін айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!