“Жағдайы ауыр“: Хантер Байден әкесінің денсаулығы туралы ашық айтты

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің ұлы Хантер әкесінің денсаулығы туралы айтты. Оның айтуынша, саясаткердің ауруы асқынып барады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Хантер Байден кейінгі сұхбаттарының бірінде қатерлі ісік метастаз беріп, "сүйекке және одан әрі тарай бастағанын" айтты. Саясаткердің ұлы мұны қабылдау ауыр екенін мойындады.

"Қатерлі ісік - өте ауыр дерт. Мұны қабылдаудың өзі қиын. Бұл өте ауыр әрі адамды қатты қажытады", - деді Хантер Байден.

Ол әкесінің денсаулығында қандай да бір мәселе болса, оны ішке бүкпей, ашық айтқанын қалайтынын жеткізді.

"Әкем - біздің отбасымыздың тірегі. Ол - ең жақсы әке, аяулы жар, ең жақсы ата (...) Мен оның қайсарлығын ерекше мақтан тұтамын. Ол "қанша құласаң да, қайта тұру керек" дегенді талай рет дәлелдеді. Мен білетін адамдардың ішіндегі ең мықтысы - солы", - деді Байден.

Хантер Байден, сондай-ақ, 2024 жылғы маусымдағы президенттік дебатты еске алды. Бұл оқиға Джо Байденнің қайта сайлану науқанын тоқтатуына түрткі болған негізгі жайттардың біріне айналған еді. Хантердің айтуынша, ол дебатты Калифорниядағы үйінде отырып тамашалаған және бірден бірдеңенің дұрыс емес екенін сезген.

"Мен есеңгіреп қалдым. Бірнәрсенің дұрыс емес екенін түсіндім", - деді ол.

Бұған дейін Хантер Байден әкесінің дебаттағы сәтсіз өнерін көптеген сапардан кейінгі физикалық қажуымен байланыстырған болатын. Джо Байденге қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін, Хантер бұл дерттің сол кездің өзінде әкесінің жағдайына әсер етуі мүмкін екені туралы ойланған.

Мән-жай

Былтыр мамырда Джо Байденнен қуық асты безінің қатерлі ісігі анықталғаны белгілі болды. Бұл туралы мәлімдемені жексенбі, 18 мамырда оның кеңсесі таратты. Бұрынғы президент пен оның отбасы дәрігерлермен емдеудің ықтимал нұсқаларын талқылап жатқаны хабарланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз