“Жағдайы ауыр“. Дәрігерлер Ақтөбеде кепілге алынған әйел туралы айтты

“Жағдайы ауыр“. Дәрігерлер Ақтөбеде кепілге алынған әйел туралы айтты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтөбеде кепілге алынып, зардап шеккен адамның жағдайы белгілі болды. Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Massaget.kz тілшісінің сауалына жауап берді.

Мәліметке сүйенсек, Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген науқас 1984 жылы туылған. Оған ми шайқалуы, бас ми жарақаты диагнозы қойылған, жансақтау бөлімінде жатыр.

"Жағдайы тұрақты ауыр, есін біледі, тыныс алып жатыр. Қажет емді алып жатыр", - деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ қайтыс болған адам ауруханаға қандай жағдайда жеткізілгені айтылды.

"1950 жылы туған науқас жансақтау бөліміне жеткізіліп, 40 минут ішінде жансақтау шаралары жасалды, алайда сәтсіз болып, науқас қайтыс болды", - деп жазылған жауапта.

Айта кетейік, оқиға орнында 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеген.

Ақтөбедегі тосын жайт туралы не белгілі?

Ақтөбеде кеше кешкі сағат 20.00-де 102 пультіне белгісіз біреу жеке үйлердің біріне кіріп, адамдарды кепілге алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылды, аудан қоршауға алынды.

Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова