Атырауда кеше баланы ит талап тастаған. Дәрігерлер зардап шеккен баланың жағдайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір бала Атырау облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр. Оның бас сүйегі, аяғы қатты жарақаттанған. Дәрігерлердің сөзінше, алдағы уақытта көп операция жасалуы мүмкін.
"Кеше ауруханаға ит талаған екі бала түсті. Бірінші балаға арнайы вакцина салынып, дәрігерлік көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Ал сегіз жастағы екінші баланың жағдайы өте ауыр. Науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Антибактерия терапия жүргізіліп, арнайы вакцина салынды. Бірнеше хирургиялық коррекция жасалды. Алдағы уақытта науқасқа бірқатар операция жасалуы мүмкін", - деді Атырау облыстық балалар ауруханасы травмотология бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Хван.
Балаларды жазым етіп жатқанына қарамастан, бұралқы иттерді атуға қолданыстағы заңнама рұқсат бермейді. Мәселен, 2020 жылға дейін Атырауда бұралқы иттерді атумен жеке кәсіпкерлер айналысып келген. Бірақ кейін бұл істі Атыраудағы қалалық ветеринария бөліміне тапсырған. Осылайша, көше кезген иттерді атуға жануарларды қорғайтын волонтерлер қарсы шыққан. Сондықтан иттер қазір тек ауланады.
Мердігер мекеме өкілі Мұқаш Жабасовтың айтуынша, қауіп деңгейін анықтау үшін ауланған иттер тесттен өткізіледі.
"Қауіпті болмаса жануарды кастрация жасап, құлағына сырғасын саламыз. Ішек құртын, бүргесін тазартып, құтыруға қарсы егеміз. Он күн бақылауда ұстағаннан кейін бұрынғы жеріне апарып, қайта жібереміз. Қауіпті иттер оқшауланады", - дейді Мұқаш Жабасов.
Айта кетейік, былтыр облыстық балалар ауруханасына ит талаған 462 бала түскен. Жыл басынан бері бұралқы иттерден зардап шеккен 32 бала дәрігерлер көмегіне жүгініп отыр.
Мамандар, әсіресе, қыс мезгілінде қаңғыған иттен қорғану керек екенін айтады. Себебі азық таба алмай ашыққан иттер үлкенге де, кішіге де аяусыз шабуылдауы мүмкін.
Еске салайық, 15 ақпанда Атырауда 8 жастағы баланы ит талап тастаған болатын. Ауыр жараланған бала жедел ауруханаға жеткізілген.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!