Жерді заңсыз сатқаны үшін сот алдында жауап беріп жатқан Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев аштық жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, экс-шенеунік жеті тәуліктен бері су мен тамақ ішуден бас тартқан. Денсаулығы да сыр бере бастаған. Сондықтан Имантаев тіпті сот процестеріне қатыса ламайды екен. Кеше кезекті сот отырысын кейінге қалдыруға тура келген.
"Бүгін оны зембілмен алып кетіп бара жатқандарын көрдім. Жағдайы ауыр, әрең сөйлеп тұр. Бірақ есін біледі, қылмыстық іс соңына дейін тергелгенін қалап отыр. Мұндай қадамға не үшін барды? Себебі ол адам құқығы бұзылғанын түсініп отыр", - дейді экс-шенеуніктің әйелі Лейла Имантаева.
56 жастағы Ермек Имантаевқа өзгенің мүлкін иемденді немесе ысырап етті деген айып тағылған. Тергеу мәліметінше, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі элиталы аудандардағы жерлерді заңсыз сатқан. Ал жер бағасы кадастрлық құннан төмен болған. Залал 100 миллион теңгеге бағаланады. Имантаевтың өзі кінәсін мойындамаған және істі қосымша тергеуге қайтаруды талап еткен.
Ол облыста 2002-2004 жылдары басшылық еткен. Қызметінен көптеген шудан кейін кеткен. 2019 жылы Ақтөбеге оралып, ӘКК басшысы болған. Тергеу мәліметінше, экс-әкім осы қызметінде заңсыз әрекеттерге барған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!