Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алматыда қолына сәбиін ұстап, жеткізу қызметінің сөмкесін асынған әйелдің жағдайын зерттеген. Бұл туралы министр Асқарбек Ертаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әйелдің суреті әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған болатын. Министрдің айтуынша, ведомство қызметкерлері отбасының жағдайын зерделеген. Әйелдің күйеуінің IT саласында жоғары білімі бар, ал өзінің орта арнаулы техникалық және мектепке дейінгі білімі бар екені анықталған.
"Олар 19 мамырда Алматыға өз бетінше бағын сынап көруге (жұмыс іздеуге - еск.) келген. Көшіп жатқан барлық жасқа мансап орталықтарына жүгінуге кеңес береміз. Дәл сол жерде қандай бос жұмыс орындары мен мүмкіндіктер бар екенін айтып береді", - деді Асқарбек Ертаев.
Министр әйел, шынында да, курьер ретінде тіркелгенін растады. Десе де ведомство ол жұмыс істеген платформаға сұрақтар қойған.
"Ол қандай нұсқаулықтан өтті, оны қалай өтті, әйелді баламен жұмысқа қалай жіберді?" - деді Асқарбек Ертаев.
Оның айтуынша, жеткізу қызметінің өкілдері жауап дайындау үшін уақыт сұраған. Министрлік бұл мәселеге келесі аптада қайта оралуды жоспарлап отыр.
Журналистер әйелдің күйеуі ауырып қалғандықтан және сәбиді қалдыратын адам болмағандықтан, жұмысқа баламен шығуы мүмкін деген болжам жасаған. Асқарбек Ертаев бұл ақпаратты теріске шығарған. Оның айтуынша, отбасының көлігі бар, оған 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімделген, ал Шымкентте отбасының туыстары тұрады.
"Ломбард саласымен айналысатын туған ағасы бар, ата-анасының жағдайы жақсы. Сондықтан олардың жағдайы жақсы", - деп мәлімдеді Асқарбек Ертаев.
Шенеуніктің айтуынша, министрлік әйелдің отбасына мемлекеттік қолдау көрсету шараларын қарастырған. Оның күйеуіне IT саласында жалақысы жақсы бірнеше бос жұмыс орны ұсынылған.
"Бізде жұмыс берушілер ай сайын 107 мың бос жұмыс орнын ұсынады. Олар түрлі салада бар. Мансап орталықтары арқылы жүгіну керек. Олардың міндеті - жастар жұмысқа орналасуына көмектесу", - деп мәлімдеді шенеунік.
Еске салайық, бұған дейін Threads желісінде қолында сәбиі, арқасында жеткізу қызметінің үлкен сөмкесі бар әйелдің суреті қызу талқыланды.
Кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан осы суретке қатысты сұраққа жауап берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!