Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлады. Елорданың бас мемлекеттік санитария дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, қалада ауру көрсеткіші 9,5 есеге өскен, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
"Елордада эпидемиологиялық жағдай нашарлады. Егер 22 маусым мен 5 шілде аралығында (екі аптада) 414 жағдай тіркелген болса, соңғы екі аптада (6 шілде мен 19 шілде аралығында) КВИ-дің 3970 жағдайы тіркелді, осылайша, сырқаттанушылық деңгейі 9,5 есеге артты. Бір тәулікте жұғатын жаңа жағдайлар 586-ға жетті", - деді Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингте.
Санитария дәрігері эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша қала "сары" аймаққа жақындап келе жатқанын айтты.
Сархат Бейсенованың мәліметінше, маусым айында коронавируспен ауырғандардың 30 оң сынамасына молекулярлық-генетикалық зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде, "Стелс-омикрон" басым екені байқалған.
"Омикрон" штамы жұқпалы, барлық жастағы адамдарға жұғуы мүмкін. Алайда, вирусты 20-дан 30 жасқа дейінгі адамдар жұқтыруға бейім.
Клиникалық белгілері - шаршау, бас ауруы және дене температурасының жоғарылауы. Өкінішке орай, вакцина алған адамдар мен бұрын вирус жұқтырған адамдарда уақыт өте келе дененің инфекциядан қорғалу деңгейі төмендеп, нәтижесінде қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты, вакцинаның бастапқы курсын алғандар алты айдан соң КВИ-ға қарсы ревакцинация алу ұсынылады. Сондай-ақ, егер сізде ПТР-тест оң болса немесе сіз науқастармен тығыз байланыста болсаңыз, онда ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес қашықтықтан жұмыс түріне ауысуыңыз керек", - деп толықтырды Сархат Бейсенова.