• 500.91
  • 490.7
  • 5.76

“Жағдай жасалмаған“. Депутат метрода қаза тапқан адам туралы айтты

“Жағдай жасалмаған“. Депутат метрода қаза тапқан адам туралы айтты
Фото: Massaget.kz/Нұрбол Жылыс

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан жуырда Алматыдағы метро бекетінде болған қайғылы оқиға туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар қабылданған. Бұл жоспар негізінде интерактивті карта да әзірленген.

"Бұл картаға сенсек, ерекше қажеттілігі бар адамдар кез келген жерге еш кедергісіз кіріп-шыға алады. Өкінішке қарай, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Тіпті Астана тұрғындарында да мұндай мүмкіндік жоқ. Осы бірер күн бұрын қайғылы оқиға болды. Қанат деген азаматымыз Алматыдағы "Абай" метро бекетінде құлап, қаза болды", - деді депутат.

Кенжеғұл Сейтжан мүгедектігі бар адамдар тағы қандай қиындықтарға тап болатынын айтты.

"Ғимаратқа тиісті бұрышта орнатылған пандуспен қимыл қозғалысы шектеулі адам еркін кіре алғанымен, кассаны, банкоматты, ақпараттық дүңгіршекті және т.б. пайдалана алмайды, өйткені тым биік, яғни мүгедектер арбасындағы адамға қызмет көрсетуге бейімделмеген. Көру қабілеті нашар немесе зағип жандар да тактильді жол тақтайшалары арқылы кіреберіске көтерілуі мүмкін, бірақ дыбыстық құрылғының немесе Брайль қарпіндегі түсіндірме белгілерінің және т.б. жоқтығынан жол таба алмай, адасып қалады. Зағип жандарға бейімделмегендіктен, қарапайым лифтінің өзін пайдалануға мүмкіндік болмайды. Сол сияқты есту қабілеті бұзылған адамдар да түрлі мәселелерге тап болады. Алайда соған қарамастан, әкімшілік, коммерциялық, мәдени, демалыс және басқа мекемелер шенеуніктердің тізімінде қолжетімді әрі барлық жағдай жасалған орындар ретінде көрсетіледі", - деді ол.

Еске салайық, 10 желтоқсанда Алматыдағы метрода бір адам рельске түсіп, қайтыс болды. Кейін "Абай" бекеті уақытша жабылды. 

Кейінірек куәгер метродағы қайғылы жағдай туралы айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова