Астанада жаңа туған нәрестесін заңсыз бергені үшін әйел ата-ана құқығынан айырылды. Қала прокуратурасы істің мән-жайын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
19 жастағы тұрғын делдалдар арқылы жүктіліктің сегізінші айында жасалған жалған суррогат ана болу шартына сүйеніп, жаңа туған баласын ерлі-зайыптыға ақшалай сыйақыға берген.
"Соттың 2025 жылғы 23 мамырдағы үкімімен әйел мен делдалдар ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Айыпталушыларға пробациялық бақылау белгіленіп, шартты түрде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Бала кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы мекемеге орналастырылған. Сонымен қатар, Астана әкімдігінің "Мамандандырылған балалар үйі" КММ-нің талап-арызы бойынша баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!