Жағаұстатар жайт: Алматы облысында мұғалім оқушыны шашынан тартып, иығынан ұрған

Алматы облысының Қолашы ауылында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыланып жатыр. Кадрда дене шынықтыру пәні мұғалімі оқушының шашынан тартып, иығынан жұдырықпен ұрғаны көрінеді. Облыстық Білім басқармасы бұл дерек бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ер адам орындықта отырған оқушыны шашынан тартып, кейін иығынан жұдырықпен ұрады. Артынша баланы өзіне қаратып, құлағынан тартады. Бұл жайт басқа оқушылардың көз алдында болған.

Білім басқармасының жауабы

Білім басқармасы өкілі видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, басқарма өкілдері, аудандық білім бөлімі және мектеп қызметкерлерінен комиссия құрылып, қызметтік тергеу басталған.

"Тексеру барысында дене шынықтыру пәні мұғалімі оқушыны ұрғанын мойындап, жазбаша түсініктеме берді. Өз өтініші бойынша атқарып жатқан қызметінен босатылды. Оқушының денсаулығына зиян келмегені анықталды", - деді Білім басқармасы өкілі.

Материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, тергеу басталған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!