"Жағалаудың сұрқы қашты": ШҚО-да Бұқтырма өзені тағы ондаған метрге тартылды

Өңірдегі кәсіпкерлер туристердің су деңгейі түсіп кеткенін көріп, демалыс базаларын тастап кетіп жатқандарына алаңдаулы. Ол тұрмақ тынығушылар серуендейтін кемелердің де тоқтайтын жері жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Судың неліктен тартылып бара жатқанын анықтау үшін бірнеше сала өкілдері өңірдегі Кәсіпкерлер палатасына жиналды. Оның директоры Қайрат Мамырбаевтың сөзінше, бұл жағдай тек кәсіпкерлерді ғана емес, аймақ жұртын да толғандырып отыр.


"Бұқтырма – облыс бойынша тынығушыларды көптеп тартатын әсем жерлердің бірі. Десе де биыл су қоймасы ондаған метрге "шегінді". Келушілер мұнда мамыр мен қазан айы аралығында шомылып, демалып қайтады. Жағалауына келіп жайғасқан жұрт өңірден бөлек, көршілес елдерден де келеді. Алайда қазір су тартылғалы жағалаудың сұрқы қашып тұр", – деді ол.

Демалыс үйлерін жалға беретін кәсіпкер Александр Чиликин жағдай күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын айтты.

"Кемелер қайда тоқтайды деп бас қатырып жүрміз. Келушілерді бір жағадан екіншісіне қалай жеткіземіз? Азық-түлік апару да қиын", – деді іскер азамат.


Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу бойынша Ертіс бассейн инспекциясы Семейдегі бөлімнің бас маманы Жасұлан Әлібековтің сөзінше, қазір Бұқтырмада көпжылдық реттелу жүріп жатыр.

"Егер толық циклды алса, қазір судың тартылу кезеңі жалғасуда. Әр жылдардағы деректерді сараптап, байқағаным – өзен деңгейі 1992 және 2009 жылдары осылай төмендепті. Бүгінде Бұқтырма су қоймасының көлемі 28,2 куб шақырым. Ал деңгейі бойынша алсақ, балтық жүйесіне сәйкес, бұл 390,07 метр. Биыл наурыз айында өзен суы 389,37 метрге жетіп, ең төмен деңгейді көрсетті", – деді бас маман.

Көлеммен алсақ, бұл 24 куб шақырым. Жасұлан Әлібеков мұның бәрін Бұқтырманың бүйір саласынан ағатын су мен жаңбырдың аз жаууымен байланыстырды.
Жиынға арнайы шақырылған Анатолий Вотяшов есімді инженер-гидротехник 60 жыл көлемінде өзгеріп отырған статистикалық мәліметтермен бөлісті. Оның сөзінше, туристер көптеп жиналатын орынға "молшылық" алдағы екі-үш жылда келмеуі мүмкін. Он жылдан кейін су деңгейі қайта қалыпқа түсетіндігін жеткізді. Ал Бұқтырманың суын ағызуды азайту туралы шешімді қазір қабылдауды ұсынды.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!