Денсаулық сақтау министрі жіті бақыланатын республикалық психиатриялық ауруханаға тексеріс жүргізуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінгі уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханадағы жағдайларға қатысты шағым жарияланған.
"Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы мекеменің қызметіне кешенді тексерісті бастайды. Мамандар медициналық құжаттарды, емдеу процесі ұйымдастырылуын, науқастардың жағдайын, лауазымды тұлғалардың іс-әрекетін, сондай-ақ, ем қабылдап жатқан азаматтардың құқығы сақталуын зерделейді. Тексеріске өз құзыреті шегінде уәкілетті мемлекеттік органдар, соның ішінде прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тартылады", - деді ведомство өкілдері.
Тексеріс қорытындысы бойынша барлық жағдайға объективті баға берілмек. Заңбұзушылықтар анықталса, министрлік заңнамаға сәйкес тиісті шара қабылдап, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, бұл - еліміздегі осы бейіндегі жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда соттың заңды күшіне енген шешіміне сүйеніп, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған науқастар ем қабылдайды. Бұл қарапайым стационар емес. Мекеме бір мезгілде екі маңызды міндетті орындайды: ауыр психикалық бұзылыстары бар адамдарға мамандандырылған психиатриялық көмек көрсетеді және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, сот шешімдері орындалуын қамтамасыз етеді.
Мекемедегі науқастардың 80 пайыздан астамы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған. Бұл мекемеде ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!