Жабық жолға шыққан жүргізушілерге қандай жағдайда айыппұл салынады?

Ауа райы күрт нашарлаған кезде жолға шыққан жүргізушілерге қандай жағдайда айыппұл салынады? Massaget.kz тілшісі ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Борановамен сұхбаттасты.

Қандай жағдайда айыппұл салынады?

Ішкі істер министрлігінің өкілінің айтуынша, полицияның, Төтенше жағдайлар министрлігінің басты мақсаты - азаматтардың жолға шығып кетпеуін қамтамасыз ету, жолда қалып қойған адамдарға көмектесу.

"Ресми түрде жол жабылды дегеннен кейін полиция қызметкерлерімен немесе сол жерде тұрған басқа да қызметкерлермен сөзге келіспей, оларға күш қолданып, қарсылық көрсетіп, тыңдамай жолға шығып кеткен жағдайда жауапкершілік қарастырылады. Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабына сәйкес полиция, Төтенше жағдайлар  министрлігі қызметкерлері сол азаматты жауапқа тартқан жағдайда істі сот қарайды. Сот шешімімен 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады", - деді ведомство өкілі.

Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қандай жолдар жабылады?

Құзырлы органдар жолды жабу туралы шешім қабылдамас бұрын айналма жолдарды, жолда қалып қойған көліктерді құтқаруға мүмкіндік бар жағдайларды қарастырады. 

"Боран болып жатқан жол ғана жабылмайды. Боран болып жатқан жерге жетпей, айналма жолы , құтқаратын орындары бар жерден жолды жабады. Себебі көліктерді артқа қайтару немесе кемпинг бар жерге жіберу мүмкіндіктері қарастырылады. Мәселен, алдыңыздағы 1 шақырымдай жерді көріп тұрсыз делік. Ашық, ешқандай боран, қар жоқ. Осылайша азаматтарда да "жолды үнемі жауып тастайды" деген пікір қалыптасады. Алайда олар 20-50 шақырымнан кейін жүретін жол жоқ екенін түсінбейді", - деді ІІМ өкілі.

Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Биыл, былтыр қозғалысқа қанша шектеу енгізілді?

2024 жылы қыста қолайсыз ауа райына байланысты қозғалысқа 1284 шектеу енгізілген (жыл басында 1087 және жылдың соңында 197), ал биыл 5 қаңтарға дейін 56 шектеу енгізілген.

Биылғы дерек бойынша жабық тұрған жолға шығып кетіп, айыппұл арқалағандар жоқ болып шықты. Дегенмен полиция мыңдаған көлікті жолдарда алып жүрген.

"Халыққа ескертілгеніне қарамастан, жүргізушілер жабық учаскелерге шығып кетіп жатады, бұл бақылау-өткізу бекеттерінде көлік жиналуына әкеп соғады. Жолдар ашылғаннан кейін жүргізушілер асығып, жылдамдықты арттырып, жоғалған уақытты қысқартуға тырысады, бұл да жол апатына әкеп соғады. Мұның алдын алу үшін полиция көліктерді алып жүреді. 2024–2025 жылдары полиция 3 миллионнан аса көлікті алып жүрді. 2025 жылғы 3 қаңтарда полиция 3710 көлікті (2820 жеңіл және 890 жүк көлігі) алып жүрсе, 4 қаңтарда Астана-Щучинск учаскесінде 4,5 мыңнан аса көлікті алып шықты", - деді ІІМ өкілі.

95 көлік соқтығысқан оқиға

Еске салайық, 3 қаңтарда Астана - Щучинск тасжолында 40 көлік соқтығысты. Ақмола облысы Біржан сал ауданының Қоғам ауылы мен Қаратал ауылы арасында күн (боран) бұзылды.

Кейінірек Астана маңындағы тасжолда соқтығысқан көліктер саны 95-ке жетті. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!