- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жәбірленуші - Баян...
Жәбірленуші - Баян Алагөзованың күйеуі. Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты жаңа деректер шықты
11 қаңтарда Алматыда белгілі бизнесмен Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты сот басталды. Оған бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды және адам ұрлады деген айыптар тағылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдының өзі де былтыр аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін 6 жыл жаза арқалаған болатын.
Телеарна мәліметінше, айыпталушылардың ішінде Гүлмира Сатыбалдының жүргізушісі мен көмекшісі де бар. Тергеу мәліметінше, олар екі кәсіпкерді бопсалап, бизнестегі үлестерін өз атына жаздырған. Жәбірленушінің бірі - продюсер Баян Алагөзованың күйеуі Тұрсын Алагөзов. Тергеушілердің мәліметінше, екіншісі Айгүл Мекешоваға күш көрсетіп, миллиард теңге тұратын компаниясын 375 мың теңгеге сатып алған.
Келтірілген шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асып жығылады. Бірақ айыпталушы тараптың адвокаттары Алагөзов өз компаниясындағы үлесін экс-жұбайының атына өтіп кетпеу үшін қасақана өзге адамға рәсімдегенін алға тартып жатыр. Сондықтан істі Бас прокуратураның тергеуіне қайтарылғанын қалайды.
Адам ұрлау, 6,6 миллиард теңге. Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеу аяқталды
Сондай-ақ заң талаптарының өрескел бұзылғанын айтқан адвокаттар судьядан бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді және істі Астана қаласына жіберуді де сұрады. Судья айыпталушыны қамаудан босатқан жоқ. Бірақ қылмыстық іс бұдан былай елордада қаралатын болды.
"Сатыбалды Гүлмира 2020 жылдың маусымынан қыркүйек айына дейін Алагөзовке моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, Galanz Bottlers АҚ үлесінің 45,25 пайызын өз атына жаздыртқан. Сатыбалды Гүлмира, Батыршаев пен Өтебеков ұйымдасып, Мекешованы Алматы облысы Жандосов ауылына күшпен алып кеткен. Сосын оған қоқан-лоқы мен психологиялық қысым көрсетіп, алдын ала дайындалған құжаттарға қол қойдыртқан", - дейді прокурор Акморат Мұхтаров.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина