Табиғатта жабайы жануарларға шөп пен судан бөлек минералды тұздар да қажет. "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жануарлардың тіршілігіне қолайлы жағдай жасау үшін биотехникалық жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Massaget.kz.
Үржар орманшылығының мемлекеттік инспекторлары жануарларға арналған жаңа тұз қоректендіргішін орнатып, арнайы тұзалаң жасады. Нысандардың жағдайын қадағалап, мониторинг жүргізу үшін олардың орналасқан жерінің GPS-координаттары тіркелді. Енді мамандар тұзалаңдардың күйін ұдайы бақылап отырады.
Тұз неге маңызды?
Көптеген жабайы жануар, әсіресе тұяқтылар, өсімдікпен қоректенеді. Шөп пен жапырақта натрий мен басқа минералдар жеткіліксіз болуы мүмкін. Тұз организмдегі су-тұз тепе-теңдігін сақтауға, жүйке мен бұлшықеттің қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі.
Мұндай жұмыстар қыс мезгілінде ерекше маңызды. Қыста азық азайып, жануарлардың қоректік заттарға қажеттілігі артады. Тұзалаңдар аңдарды қажетті минералдармен қосымша қамтамасыз етеді.
Табиғатты қорғау тек жануарларды күзету емес. Бұл олардың табиғи мекенінде тіршілік етуіне қажетті жағдай жасауды да білдіреді. "Тарбағатай" паркіндегі биотехникалық жұмыстар осы мақсатқа бағытталған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай