Алматы облысында жабайы аңдардың жаппай қырылуы туралы ақпарат расталмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл жөнінде Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін ақпарат әлеуметтік желілерде тараған еді. Онда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Майтөбе мен Суықтөбе тауларында қасқыр мен түлкінің өлекселері түсірілген видеоны көруге болады.
Алайда, аумақтық инспекцияның мәліметінше, соңғы үш жылда жабайы аң-құстарды улау фактілері және осыған байланысты жеке және заңды тұлғалардан өтініштер немесе арыз шағым тіркелмеген. Осы оқиғаға қатысты мамандар арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізілетіндігін айтты. Айта кетейік, жабайы аңдарды қасақана өлтіру, азаптау мен улау қылмыс саналады. Мұндай әрекет жасағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады.
"Әрине, жабайы аңдарды азаптау, қасақана өлтіру заңсыздық саналады. Жарияланған ақпаратта жабайы аңдарды малшылар улауы мүмкін деген болжам айтылады. Бірақ, ол өлекселердің қай кезден бері жатқаны, неден өлгені белгісіз, ешкім экспертиза жасамаған. Ал заңды аңшылық жасауға кедергі жоқ. 2023 жылға Алматы облысы бойынша Е-лицензиялау электронды порталы арқылы қасқырға -414 , шибөріге-1167 аңшылық жасауға рұқсат құжаты бөлінген", - деді Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрлан Орманбеков.
Еске салайық, кеше Алматы тауларында қасқырлар мен түлкілер өлі табылып жатқаны туралы хабар тараған болатын. Қарақыстақ ауылының тұрғындары өлі табылған жабайы жануарларды көріп шошыған. Жақында тауда түлкі өлі күйінде, артынша елік те табылған. Ал былтыр қорықшы Владимир Журомский тауда үш қасқырдың өлі күйінде жатқанын көрген.
Кейінгі үш жылда 40 жануар өлі күйінде табылған. Қорықшылар жануарларды жергілікті бақташылар үй жануарларына шаппауы үшін өлтіріп жүргенін айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!