Израиль мен Палестинадағы жағдай әлем елдерінің назарында. Massaget.kz тілшісі Израильдегі жағдайға шолу жасады.
7 қазанда Израильдің орталығында сирена дыбысы естілді. Тель-Авивте де зымыран туралы ескерту сиреналары естілді. Кейін Газа секторы Израильге қарай ондаған зымыран ұшырды. Айта кетейік, Газа секторы - Жерорта теңізі жағалауындағы аумақ, Палестинаның бір бөлігі.
Сонымен қатар, Газа секторынан Израильдің шекаралас аудандарына зымыран шабуылы аясында террористер кірген. Тыл қызметінің қолбасшылығы шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына үйлерінен шықпауға кеңес берді. Ал куәгерлер Израильдің елді мекендерінде көше шайқастары жүріп жатқанын хабарлады.
7 қазанда Палестинаның "Изз ад-Дин әл-Кассам" ХАМАС қозғалысының жауынгерлері Израильге қарсы әскери операция басталғанын жариялады. Бірінші кезеңде бес мың зымыран мен миномет снарядтары атылды. Салдарынан әскери қондырғылар мен әуе базалары соққыға ұшырады. Палестиналықтар Израиль аумағына шекара арқылы кірді.
"Палестина халқы революцияға, мемлекет құру жобасына қайта оралып жатыр. Израильге қарсы "Әл-Ақса дауылы" операциясын бастадық", - деді қозғалыс командирі Мохаммад Дейф.
Оның айтуынша, "Әл-Ақса дауылы" операциясы Израиль ойлағаннан, күткеннен әлдеқайда үлкен болады.
Ал бұл әрекеттерге жауап ретінде Израиль армиясы кең ауқымды жиналыс жариялап, Газа секторына оқ жаудыра бастады. Израильдік БАҚ-тың алғашқы мәліметтерінше, кем дегенде 100 израильдік қаза тапты, зардап шеккендер саны 900-ден асты. Палестина Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Израильдің Газа секторына соққыларынан қаза тапқандар саны 198-ге дейін жетті, 1,6 мыңнан аса палестиналықтар зардап шекті.
Хамастың аға әскери қолбасшысы Мохаммад Дейф (Палестина исламшыл қозғалысы және Газа секторында билік ететін саяси партия - еск.) бүкіл әлемдегі палестиналықтарды соғысуға шақырып, бұқаралық ақпарат құралдарында әскери операция басталғанын жариялады. Ал Израиль әскерилері Газа секторы аймағында тұратын азаматтарға үйлерінде қалуды хабарлап, ХАМАС-қа "өз әрекеттері үшін жауап беретінін" ескертті.
ХАМАС палестинкалық қозғалысының жауынгерлері Израильдің Меркава танкін жойды. Палестиналық тарап мәліметінше, танк дрон көмегімен атып түсірілген.
Сонымен қатар, ХАМАС 35-тен аса израильдік сарбаз бен тұрғын тұтқындалғанын хабарлады. Ал сенбіде түстен кейін Газа секторынан Израильге қарай тағы бір зымыран атылды.
Тель-Авивте Газа секторынан атылған зымырандардың бірі тұрғын үйге тиді.
Зардап шеккендер туралы хабарланбады.
Кейінірек Израиль өкілдері араб тілінде Газа секторының тұрғындарын үйлерінен кетуге шақырды.
"ХАМАС операциялары Израиль қорғаныс армиясын сіздің тұрғылықты жеріңізде әрекет етуге мәжбүр етеді. Қауіпсіздігіңіз үшін дереу тұрғылықты жеріңізден кетуіңіз керек", - делінген Times of Israel хабарламасында.
Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудің айтуынша, әскер "барлық жерде толық күшпен" әрекет етеді. Сонымен қатар, ол Израильге жасалған шабуылды бұрын-соңды болмаған шабуыл деп атап, бұл "қаралы күн" үшін "кек алатындарына" сендірді.
"Израиль қорғаныс әскері Хамастың мүмкіндіктерін жою үшін барлық күшін бірден пайдаланады", - деді Нетаньяху әлеуметтік желісінде жарияланған үндеуінде.
Бірнеше сағаттан кейін Нетаньяху ХАМАС-қа қарсы операцияның бірінші кезеңі аяқталғанын және Палестина тобының ел аумағына енген күштерінің көпшілігі жойылғанын жариялады.
Израиль ресми түрде соғыс жағдайына көшетіндерін жариялады. Елдің әскери-саяси кабинеті негізгі заңның 40-тармағын қабылдаған, ал бұл соғыс жағдайына көшу дегенді білдіреді.
"Әскери-саяси кабинет кеше түнде соғыстың жай-күйін және соған сәйкес ірі әскери операциялардың басталуын мақұлдады. ...Израиль мемлекетіне жасалған соғыс 2023 жылғы 7 қазанда таңғы 6:00-де басталды", - делінген хабарламада.
"ЗАКА" қоғамдық ұйымының еріктілері Израильдің оңтүстігіндегі Реймде өткен электрон музыка фестивалінде 260 адам қаза тапқанын хабарлады.
Nature party электрон музыка фестивалінде қаза тапқандар саны көп болуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ, фестивальге келушілер тұтқынға алынғаны, олар хабар-ошарсыз кеткені белгілі болды.
Палестина-Израиль қақтығысының өршуі кезінде зардап шеккен Израиль тұрғындарының саны 2315-ке жетті. Ал қаза тапқандар саны 700-ден асты.
БҰҰ-ның Таяу Шығыс бейбітшілік процесі жөніндегі арнайы үйлестірушісі Тор Веннесланд Израиль қалаларындағы атысты айыптап, барлық тарапты ұстамдылыққа шақырды.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған тараптарды шиеленісті күшейтпеуге шақырды.
"Түркия Израильдегі таңертеңгі оқиғаларға байланысты тараптарды ұстамдылық танытуға және шиеленістің күшеюіне әкелетін қадамдардан бас тартуға шақырады", - деді түрік басшысы.
Ердоған Анкара Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіне шабуыл жасау әрекетіне қарсы екенін мәлімдеді.
АҚШ президенті Джо Байден де Хамастың Израильге жасаған шабуылына қатысты үндеу жасады.
"АҚШ ХАМАС террористері Израильге жасаған қорқынышты шабуылды сөзсіз айыптайды. Премьер-министр Нетаньяхуға Израиль үкіметі мен халқына барлық қажет қолдауды ұсынуға дайын екенімізді айттым. Терроризмді ешқашан ақтауға болмайды. Израиль өзін және өз халқын қорғауға құқылы", - делінген Ақ үй мәлімдемесінде.
Қазақстан тарапы не дейді?
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де, "Қазақстан бейбіт тұрғындар арасында көптеген адам қаза болуына әкеп соқтырған Палестина-Израиль қақтығысының шиеленісуіне алаңдаушылық білдіретінін" хабарлады.
"Тараптарды жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдарды іздеуге және екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы ахуалдың одан әрі өршуіне әкеп соғуы мүмкін іс - қимылдарға бармауға шақырамыз", - деген болатын Қазақстан СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Air Astana әуекомпаниясы Тель-Авивке Қазақстаннан барлық рейс тоқтатылғанын хабарлады. Тель-Авивке кейінгі барлық рейс қосымша ескертуге дейін тоқтатылды.
Сонымен қатар, СІМ өкілі Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильдегі азаматтарымызбен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
"Елшіліктің жедел желісі құрылды, Отанына оралуға жәрдем көрсету үшін ҚР азаматтарының тізімі жасалып жатыр", - деген еді Смадияров.
"Қауіпсіздік жағдай күрт шиеленісуіне байланысты Қазақстанның Израильдегі елшілігі барша (әсіресе, елдің оңтүстігіндегі) қазақстандық азаматтарды тыл қолбасшылығының нұсқауларын (https://www.oref.org.il/ru) сақтауға, қауіпсіз жерлерде отырып, ресми билік хабарлағанға дейін сонда қалуға қатаң кеңес береді. Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінің шұғыл байланыс телефондары: +972 (3) 741 78 05 (кезекші), +972 55 273 38 13 (ұялы телефон, whatsapp), +7 700 111 31 96 (whatsapp)", - делінген үндеуде.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали бұл елдегі жағдай қайдан басталғанын түсіндірді.
"Күні кеше ХАМАС-тың және тағы да басқа әскери құрылымдардың сарбаздары Газа секторынан өтіп, Израиль аумағына шабуыл жасады. Бұл шабуыл 1973 жылы 6 қазанда басталған. "Ақыр заман" соғыс деп тарихта қалған. Соғыстың 50 жылдық қарсаңында жүзеге асырылды. Бұл соғыстың жойқын болғаны соншалық - кейбір ақпарат көздері мұны "Хамастың блицкригі" деп атап жатыр. Алғаш рет ХАМАС тек зымыран соққысымен шектеліп қалмай, сонымен бірге, түрлі шабуыл тактикаларын жүзеге асырды. Яғни дронмен соққы жасау, Израиль мен Газа секторын қоршап жатқан үлкен дуалды айналып өту, оны айналып өту барысында туннелдьдерді қазу арқылы шабуылдарды жүзеге асырған. Қазір Израильдің аумағында 600-ге жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан, ал қаза тапқан сарбаздардың саны белгісіз. Себебі әскери құпия саналады. Дей тұра ашық дереккөздерде кемі 50-ден аса израильдік сарбаз қаза тапқаны жайлы ақпараттар бар. Жауап ретінде Израиль "Темір қылыш" әскери операциясын жариялады және Газа секторына әуе соққыларын жасап жатыр. Салдарынан 300-ден аса адам қаза тапқан. Бірнеше мың адам жарақат алған", - деп түсіндірді сарапшы.
Саясаттанушы бұл жағдай қалай өрбитінін болжап, әлем елдеріне тигізер ықпалы туралы айтты.
"Бұл екі әскери құрылым арасындағы қақтығыс әрі қарай жалғаса береді. Себебі Израиль 50 жылдан кейін әскери доктринаның 40-пунктін жүзеге асырды. Яғни соғыс жағдайына толыққанды келтірілді және әскер 40-пунтке байланысты ел билігіне бағынбастан жүзеге асыра алады. Яғни Израиль билігі толыққанды соғыс жариялады деген сөз. Бұл қақтығыс Газа секторы мен Израиль арасында ғана емес жалпы Таяу Шығысқа әсер етуі мүмкін. Ал Израиль мен ХАМАС-тың арасындағы қақтығысқа Батыс барынша назар аударатын болса, Батыстың Украинаға беретін көмегі де азаюы мүмкін. Себебі ақпарат көздерінен, БАҚ-тан және қаржылық-экономика мәселелелерінде Украина екінші деңгейге ысырылып, алдыңғы деңгейге Израиль шығуы мүмкін. Сондықтан екі тараптың арасындағы қақтығыс әлемдік геосаясатқа, Шығыс Еуропада болып жатқан қақтығыстарға тікелей әсерін тигізетін сыңайлы", - дейді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!