Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыпи қы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль Мемлекетінің сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сұхбат барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың үдемелі сипатын атап өтті.
Қазақстан министрі қақтығысушы тараптарды Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықтың жолдарын іздеуге шақырды. Бұл мәселенің бүкіл әлем қауымдастығы үшін жаһандық маңызы бар екеніне назар аударды.
Осы тұрғыда қазақстандық дипломат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД Саммитіндегі мәлімдемесін атап өтіп, жағдайдың шиеленісуі тек Таяу Шығыста ғана емес, жалпы әлемде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін баса айтты. Осыған байланысты Қазақстан Израиль-Палестина шиеленісін бейбіт келіссөздер мен дипломатиялық диалог арқылы шешуге бейілді.
Мұрат Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесу туралы сенімді өтініш білдіріп, бұл міндеттің еліміз үшін бірінші кезектегі басымдық екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Эли Коэнді қазақстандықтардың Отанымызға тезірек оралуы бойынша Мысыр билігімен жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы хабардар етті.
Министр Эли Коэн берілген ақпарат үшін әріптесіне алғыс айтып, Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынына және бұл мәселені өзінің жеке бақылауға алатындығын жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!