Израиль, ХАМАС, Газа секторы: қазіргі ахуал қандай?

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс басталғанына 20 күн болды. Massaget.kz тілшісі осы аралықта не өзгергеніне, Газа секторындағы босқындарды неге көрші елдер қабылдамай жатқанына және БҰҰ ұстанымына шолу жасады.

Қақтығыс қалай басталды?

30 қыркүйекте Палестинаның "ХАМАС" ұйымы Израильге "Әл-Ақса дауылы" әскери операциясын бастады. Израиль жеріне алғашқы жиырма минутта бес мыңға жуық зымыран жіберілді. Бұл сәтті пайдаланып, ХАМАС жасағы шекара бекеттері мен әскери базаларға еніп, бірнеше жерден елдің шекарасын бұзды. Зымырандардың алғашқы легі Израиль аумағына жергілікті уақытпен таңғы 06.30-да (Астана уақытымен 9.30-да - еск.) түскен, оның жартысы ел астанасы Тель-Авивке дейін барған. Салдарынан 26 адам қаза тауып, жүзден астамы жарақат алды. Елдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху қауіпсіздік өкілдерінің шұғыл жиналысын өткізіп, елде соғыс жағдайын жариялады.

Израиль және Газа секторы арасындағы жағдай

Израиль жауап ретінде "Темір қылыш" операциясын бастады. Әскерилер елді мекендерді бірнеше күн содырлардан тазалады. Сондай-ақ, Израиль ұшақтары Газа секторындағы нысандарға соққы бере бастады. Ел билігі Газа секторының оңтүстік және орталық бөліктеріне соққы жасайтыны туралы ақпарат таратты. БАҚ мәліметінше, бүгінгі таңда Хамас 200-250 тұтқынды кепілге алып отыр. ХАМАС аймаққа соққы жасала берсе, кепілге алынғандар аман қалмайтынын айтты. Алайда израильдіктер аймақты атқылауды тоқтатқан жоқ. Газа секторында 3,4 мың палестиналық қаза тапты. Мұндай ақпаратты Палестина денсаулық сақтау министрлігі таратты. Сонымен қатар, департамент палестиналық-израильдік қақтығыс салдарынан 12 мыңнан аса адам жарақат алғанын мәлімдеді.

twitter.com/mikelayestaran

Палестинаның сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики Сауд Арабиясының Жидда қаласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИКҰ) атқарушы комитетінің отырысында Газа секторында 1,3 мыңнан аса бала қаза болғанын айтты.

Израиль армиясы Газа секторынан оңтүстікке қарай палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетілетінін хабарлады. Алайда олар блокталған анклавқа көмек қалай жеткізілетінін нақтылап айтпады.
Израиль бейбіт тұрғындарды қауіпсіздігі үшін оңтүстікке көшуге шақырды, өйткені Израиль күші Газаның солтүстігі мен орталығына тағы да арнайы операция жүргізуі мүмкін. Елдің оңтүстігінде орналасқан аумақтың аты - Әл-Маваси (гуманитарлық аймақ - еск.).

БҰҰ ұстанымы қандай?

БҰҰ Таяу Шығыста жағдайды реттеу үшін екі мақсат қойып отыр. Біріншіден, кепілге алғандардың бәрін босату, екіншіден, Газа секторына гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз ету.

"ХАМАС кепілге алынғандарды алдын ала шартсыз дереу босатуы керек. Газадағы палестиналықтарға гуманитарлық көмекке кедергісіз қол жеткізуіміз керек", - деді БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы келісім бойынша арнайы үйлестірушісі Тор Веннесленд.

әл-Ахлидағы қанды оқиға қалай болды?

17 қыркүйекте Хамас аймағына әуеден жойқын соққы жасалды. Салдарынан әл-Ахли ауруханасына түскен зымыраннан 500 адам қаза тапты. Бұл Израильдің кейінгі 15 жылдағы екі жойқын шабуылы болды. Израиль әскерилері аурухананың жарылуына "Исламдық жиһад" тобының зымыранды сәтсіз ұшыруы себеп болғанын айтты.

twitter.com/YAmzallagh

Осы шабуылдан кейін Израильдің әрекетін әлемнің белді ұйымдары мен бірқатар ислам мемлекеті айыптады. Олардың қатарында БҰҰ, ДДСҰ, Еуропа одағы, Араб мемлекеттерінің лигасы, Африкалық одақ және UNICEF бар.

Арабтар неге шабуылға көшті?

Палестинаның тар жерінде сол уақытта өте көп еврейлер көшіп келді. Қоныстанушылар біраз жер иеліктерін сатып алып, кәсібін жүргізді. Еврейлер мен арабтар арасындағы соғыс біресе ыстық немес суық фазаға ауысып тұрды. Израиль қауіпсіз аймағын көбейту үшін біртіндеп Палестинаның жерін жаулай берді. Сол оккупация 70 жылға созылып, шешімін таппады. Жердің көбі Израильдің қол астында болғандықтан олар қаржы саласы мен әлеуметтік салада рөлі басым болды, сол себепті аумақтың басым бөлігі еврейлердің жері атанды. Қазіргі таңда қақтығыс - қаражат жағынан, адами ресурс жағынан жаңа деңгейге өтті десек болады.

ХАМАС деген кім?

Газа секторының кішкене ғана аумағында екі миллионнан аса адам тұрады. Ол - шағын анклав әрі Палестинаның ең үлкен қаласы. Алайда аймақ Палестина ұлттық әкімшілігінің бақылауында емес. Еврей әскерилері Газа секторынан кеткеннен кейін ол жерде Хамас исламдық ұйымы күшейе түсті.

ХАМАС. ©Израиль қорғаныс күштері

ХАМАС қозғалысының негізін 1987 жылы 14 желтоқсанда Шейх Ахмед Ясин қалады. Ұйым осы уақытқа дейін 1100-ден аса террористік әрекет ұйымдастырған. 1988 жылы негізі қаланған идеология бойынша топ мүшелері Израильді жоққа шығарады және олардың мақсаты - Палестина мемлекетін құру.

Қазақстанның ұстанымы қандай?

Қазақстан ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты өз ұстанымын білдірді. Бұл орайда Қазақтан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылы мен шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Сондай-ақ, Израильді үстем күш қолданудан бас тартуға шақырды.

Саясаттанушы Аман Мәмбетәлиев 70 жылға созылған қақтығыстың себебін түсіндірді.

"Қазіргі Израиль мен Палестина жерінде 1947-1948 жылы екі мемлекет пайда болуы керек еді. Ол кезде Ұлыбритания билігі аймақтан толық кетті. Израил заң бойынша процедуралардан өтіп, дүнижүзіндегі көптеген елдің, оның ішінде БҰҰ-нан рұқсат алып, тәуелсіздігін алды. Алайда бірнеше күнде арабтардың шабуылына тап болды. Оларға Палестинада тұрып жатқан және шекарадағы көрші елдердің арабтары соғыс ашты. Кейін Израиль арабтарға қарымта қайтаруда тез жеңістерге қол жеткізіп, Палестинаның жерін басып алды", - деді Мәмбетәлиев.

Иордания мен Мысыр неге босқындарды қабылдаудан бас тартып отыр?

Кейінгі жылдары Мысырдың Израильмен қарым-қатынасы түзеліп, экономика, туризм саласы дамыды. Олардың Израильмен арада ортақ келісімдері бар. Газа секторының шекарасы Израиль жағынан да жабық тұрғанын айта кеткен жөн.

© ABC News

Екіншіден, Мысырдың ішкі саясаты қиын жағдайда тұр. 4-5-рет болған революциядан кейін елдің жүйесі құбылмалы болып отыр. Сондықтан Израиль-Палестина ісіне араласуы өте қауіпті санады. Соған орай шекарасын жапты.

Олжас Адай

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!