- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- айыппұл туралы
Иттерін тұмылдырықсыз серуендеткендерге айыппұл салынды
Иттерін тұмылдырықсыз серуендеткен 400-ге жуық павлодарлыққа айыппұл салынды. Бұл туралы ІІМ өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжиннің айтуынша, жануарларды тек арнайы белгіленген орындарда серуендетуге рұқсат етіледі. Алайда олардың иелері көбіне жануарларын балалар алаңдарында, серуендеу алаңдарында немесе адам көп жиналатын жерлерде серуендетіп жатады. Бұл жерлерде иттің қарғыбауынан босап кету қаупі бар. Ол біреуге физикалық зақым келтірмесе де, психологиялық жарақат салуы мүмкін.
Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Павлодар облысында мұндай заңбұзушылықтар үшін 400-ге жуық ит иесіне әкімшілік жаза қолданылған.
Мәселен, Павлодар қаласының полициясына тұрғындар көшеде тұмылдырықсыз жүрген ротвейлер туралы хабарлаған. Тексеру барысында оның иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, жануарды ұстау ережелерін қатаң сақтау жөнінде профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
"Үй жануарының иесі болсаңыз, жануарыңыздың көшеде бақылаусыз жүрмеуін қадағалап, оны міндетті түрде қарғыбаумен серуендетуіңіз қажет. Сонымен қатар ит мен мысықтарды мына орындарда серуендетуге тыйым салынады: тұрғын үйлердің аулаларында, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі мекемелердің және мектептердің аумағында, денсаулық сақтау мекемелерінің маңында, стадиондарда, саябақтар мен скверлерде. Егер жануар ойын алаңдарында, көгалдарда немесе тротуарларда нәжіс қалдырса, оны тазалау - иесінің тікелей міндеті. Бұл ережелерді сақтамаған жағдайда құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - деп ескертті полиция.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова