- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Италияда қаза тапқан...
Италияда қаза тапқан Әсем Жарбосын туралы не белгілі?
Назарбаев Университетінің қауымы Италияда кенеттен қаза болған Әсем Жарбосынның отбасы мен туыстарына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Назарбаев Университеті қауымдастығы 2023 жылғы 17 қаңтарда кешкісін Әсем Жарбосынның кенеттен және кездейсоқ қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Ол NU-дың 2020 жылғы Химия және материалдар инженериясы магистратура бағдарламасының түлегі. 2021 жылы ол Италиядағы Салерно университетінің докторантурасына түсіп, Еуропаның тағы бес беделді университеті мен бес жетекші өнеркәсіптік компания қатысатын TUSAIL жобасының стипендиясының иегері болды. Ол бұл стипендияға NU магистратурасында оқып жүрген кезіндегі алғашқы зерттеулерінің нәтижелері үшін ие болды", - делінген хабарламада.
Әріптестері, зерттеушілер Әсемді ғылымға құмар, әлемге пайдалы зат ойлап табуды армандаған, ақкөңіл, жанашыр, өршіл жас әйел ретінде еске алды.
"Әсем нәзік әрі ұялшақ, ерекше сұлу, сонымен бірге өте ақылды және талантты қыз болды, дарынды балаларға арналған мектепте оқыды, домбырада керемет ойнады. Әр ата-ана осындай баланы армандайды. Менімен бірге Әсем Еуразия ұлттық университетінің бакалавриат студенті болған кезінде, никель көбігінде графенді синтездеу бойынша дипломдық жұмысын аяқтады, сәтті қорғалғаннан кейін Назарбаев Университетінің магистратурасына түсіп, сәтті аяқтады. Әсем зерттеу жұмыстарында өте тиянақты болды, оның зертханалық жазбалары көркем туындыға ұқсайтын. Кейін мен оның жазбаларын барлығына үлгі етіп қойдым. Бұл бәріміз үшін өте үлкен қаза және адам сенгісі келмейтін қайғы. Барша туған-туысына көңіл айтып, бірге қайғырамыз, иманды болсын", – деді National Laboratory Astana жетекші ғылыми қызметкері Әлия Мұқанова.
NU түлектері қауымдастығы Әсем Жарбосынның отбасына қаржы жинайды.
Еске салайық, бүгін Италияда қазақстандық студент қыз жол апатынан қайтыс болғаны хабарланған болатын. Оқиға 17 қаңтарда болған. Салерно университетінің 27 жастағы докторанты көшеден өтіп бара жатқан. Сол кезде 20 жастағы жүргізуші тізгіндеп бара жатқан Peugeot 308 жүргізушісі оны жаяу жүргіншілер жолында қағып кеткен. Жол апаты Станислао Листа көшесінде, Джузеппе Верди опера театрының маңында болған.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 27 жастағы студенттің жол апатынан қаза тапқанын растады. Бүгінде министрлік студенттің денесін Қазақстанға жеткізу жұмыстарымен айналысып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан