Қалада ит пен мысық бағатын тұрғындар жиі кездеседі. Жаз мезгілінде үй жануарларын асырау қиындық тудырады. Үй жануарын дұрыс тамақтандырып, асыраған кезде нені ескеру керек, денсаулығын қалай дұрыс күткен жөн? Massaget.kz тілшісі осы сұрақтар бойынша Алматыдағы ветеринар маман Олег Ильтаирмен сұхбаттасты.
"Үй жануарын арнайы мекемеден алу керек"
Ветеринардың айтуынша, үй жануарларын жақсы көретін адам көп болғанымен, оның күтіміне көпшілігі шыдамайды.
"Көптеген тұрғындар үй жануарларына, соның ішінде мысық пен итке қызығып, асырап жатады. Алайда оның күтіміне келген кезде салғырт қарайды. Тіпті, кейбіреуі мұндай қиындықпен бетпе-бет келем деп күтпеуі мүмкін. Содан кейін түрлі мәселелер басталады. Кез келген "үй жануарын асыраймын" деп шешім қабылдаған адам оны өз жауапкершілігіне алуы тиіс. Егер қалай күтіп-баптауды білмесе, мамандармен ақылдасқаны жөн. Бұл сіз бен біз ойлағандай оңай нәрсе емес", - деді маман.
Маман тұрғындар ит пен мысықты арнайы асырайтын мекемелерден сатып алғаны дұрыс екенін атап өтті.
"Жануарларды уақытша асырайтын мекемелерде күтім жақсы, әрі оларға вакцина егіп, барлық жағдайын жасап қояды. Өзіңіз де сенімді боласыз. Себебі белгісіз адамнан алған ит немесе мысық өзіңізге залал келтірсе, емделуіңіз қиын болуы мүмкін. Сондықтан , сенімді жерді қарап, тұқымын зерттеп, күтімін білген соң ғана өзіңізге сай келе ме соны анықтаған жөн", - деді ол.
"Арнайы сусабын қолданған жөн"
Маман ит пен мысықты үйде емдеуге болмайтынын айтты. Себебі әр адам ғаламтор арқылы түрлі ем-дом жасау арқылы одан сайын жағдайды қиындатуы мүмкін.
"Егер итіңіз немесе мысығыңыз құсса, ветеринарға бармай, шамалы уақыт күте тұрып, жағдайын бақылаған дұрыс. Кейде шамадан тыс тамақты көп жегеннен болуы мүмкін. Бірнеше рет құсса, дәрігерге апару қажет", - деді ол.
Үй жануарларының күтіміне қатысты ветеринар қаншалықты жуындыру керегін атап өтті.
"Мысық жиі жуындыру қажет емес, олар үстін таза ұстайды. Ал итті үсті кір болғанына қарай жуындыру керек. Бірақ оларды жуындырғанда жануарларға арналған сусабын қолданған жөн. Себебі олар қарапайым тұрмыста қолданатын сусабыннан уланып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, мысық пен итке үйдегі "дәретханасын" көрсетіп үйретсе, бірден үйренеді. Үйден де жағымсыз иіс шықпайды, - деді маман.
Кастрация мен стерилизация қаншалықты маңызды?
Ветеринардың айтуынша, көптеген клиенттер ит пен мысықтың еркегіне кастрация, ұрғашысына стерилизация жасағанды жөн көреді. Бұл ит пен мысықтың тұқымын көбейткісі келмейтін жандар үшін ең тиімді тәсіл.
"Стерилизация жасалған жануардың онкологиялық ауруға көп шалдықпайтыны дәлелденген. Алматыда ит-мысыққа кастрация жасауға шамамен 4-5 мың теңге кетеді. Ал ұрықсыздандыру операциясы 10-12 мың теңге тұрады. Егер ұрғашы ит-мысық ұрықсыздандырылмаса, гормондардың әсерінен күйзеліске ұшырайды. Соның әсерінен ерекше дауыс шығарып, кез келген жерге дәрет сындыра бастайды. Гормондарды реттейтін арнайы дәрі-дәрмек бар. Алайда ол зиян. Ал еркек ит-мысық кестірілгеннен кейін біртіндеп оның күнделікті тамағын ауыстыру керек. Сол кезде несеп жолы ауруларын асқындырмайды", - деді ол.
Сондай-ақ, ол ит пен мысыққа ойыншық сатып аларда көлемін ескеру керектігін айтты.
"Үлкен итке кішкентай доп жарамайды, жұтып қоюы мүмкін. Тырнағы теріні жарып шығатындықтан олар бірнәрсені тырнағанды жақсы көреді. Мұндайда зоодүкеннен жануар тырнап ойнайтын кагаточки алған дұрыс. Егер ит пен мысық бір-бірімен тіл табысып жатса, бірге асырауға ештеңе кедергі емес", - деді ол.
Қалай тамақтандыру қажет?
Ветеринар ит пен мысықтың күтімі, екпесі туралы сөз қозғады.
"Жаңа туған марғау мен күшікке ветеринарлар дүниеге келген бойда екпе салады. Екпені 3 аптадан кейін қайталап саламыз. Дүниеге келгеніне 2 ай толғанда ішек құртын айдайтын дәрі береміз. Егер 6 ай ішінде иесіне табысталса, екпені 6 айдан бір жасқа жеткенде қайталау керегін есіне саламыз. Одан кейін жылына бір рет вакцина салып отырса жеткілікті болады", - деді маман.
Оның айтуынша, жануарға тамақты қалыптас тыс беру ауруға душар етеді.
"Асырап алған жандар үй жануарларын дұрыс тамақтандырмай жататын сәттер көп кездеседі. Мысалы, күнделікті өзінен қалған немесе мерекелік дастархандағы қалдық тағамды ит пен мысыққа береді. Бұл дұрыс емес. Ит пен мысыққа тұзды, майлы, қуырылған және тәтті тағамды беруге болмайды. Ұннан жасалатын тағамды олардың асқазаны көтере бермейді. Ал тәттілер ит пен мысық жейтін тағам қатарына жатпайды. Сондай-ақ, сүттің тек итке, мысыққа арналған түрін беру керек. Сиыр мен ешкінің сүтін беруге болмайды. Ит пен мысыққа арнап шығарылатын тамақтардың сыртында қанша грамм беру керек екені жазылады. Сол нұсқаға қарай күнделікті тамақтандыру керек", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!