Танымал ақын Исраил Сапарбай өзінің нақты туған жылын білмейтінін, апасының айтуымен болжаммен келтіріп алғанын айтты. Ол бұл туралы "Алғашқы" бағдарламасында Аман Тасығанға берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақынның сөзінше, кезінде оның ата-анасы төрт бала, бір ат, бір есекпен қазіргі Түркістан облысына көшіп келген екен. Кейін құжат аларда туу туралы куәлігін іздегенде, апасы оның жоқ екенін жеткізген.
"Апа, міне, азамат болдым. Құжат алайын деп жатырмын. Қай жерде туғанымды білемін. Қай жылы, қай ай, қай күні тудым" десем, "ой, айналайын, қайдан білейін" дейді. "Ту туралы куәлік бар емес пе?" десем, "Қайда қалғанын білмеймін, ауылда ма, жолда ма?" деді", - деп еске алды ақын.
Осылайша, ол апасынан қай жылдың шамасы екенін сұраған. Ал апасы қырғын соғыс кезі екенін, жер гүлдеп жатқан шақ екенін айтқан. Сөйтіп, ақын Ұлы Отан соғысы, көктем мезгілі шығар деп топшылаған.
"Мамыр болар деп ойладым. Отыз күнді қақ бөлдім, он бесінші мамыр болды. 1941 жыл дедім. Кейін төлқұжатты алдым. Сөйтсем, 1941 жылы 15 мамырда әлі соғыс басталмаған екен. Құжат дайын. Солай болып кетті. Қазір сұрасаңыздар, 1941 жылы 15 мамырда туғанмын", - дейді ақын.
Айта кетейік, Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанда Самарқанд облысы Кушрабад ауданында туған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!