Испаниядан үй, Астанадан пәтер: жекеменшік клиника басшысы қаржы жымқырды деген күдікке ілінді

Астанада екі жекеменшік клиника басшысына қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

2022 жылы қор мен клиникалар арасында жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсету туралы шарт жасалған, оның ішінде жылжымалы медициналық пойыз қызметтері де қамтылған.

"Жоба басталғаннан кейін клиникалар басшысы алаяқтық схема ұйымдастырып, ақпараттық жүйеге медициналық көмек алмаған науқастар туралы жалған мәлімет енгізген. Жалған диагноздар мен көрсетілмеген қызметтер тіркелген", - деп жазылған ҚМА хабарламасында.

Заңсыз алынған қаражат

ҚМА мәліметінше, күн сайын жалған түрде тіркелетін науқас саны 90-нан 150 адамға дейін жеткен.

"Клиникалар нақты көрсетілмеген медициналық қызмет үшін қор қаражатынан заңсыз түрде 682 млн теңге алған. 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық жолмен келген табыстың бір бөлігі, яғни 364 млн теңге клиникалар басшысы мен оның жұбайының жеке есепшоттарына аударылған. Күдікті қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.

Сот санкциясымен оның мүлкіне, соның ішінде Испаниядағы қала сыртындағы үйге, Астанадағы пәтерге, көлікке тыйым салынды.

Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!