Испаниядағы алапат су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Аймақты шарпыған алапат тасқын 1973 жылдан бергі ең жойқын апат саналып отыр. Су тасқынына елдің кей аймақтарында толассыз жауған нөсер жаңбыр себеп болды.
Испания премьер-министрі бейсенбіде зардап шеккен аймақтарды аралап шықты.
"Қазір ең бастысы - мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалу", - деді премьер-министр Педро Санчес.
Валенсия автономиялық бірлестігінде кемі - 155 адам, Кастилья-Ла-Манчада тағы екі адам және Андалусияда бір адам мерт болды.
Валенсиядан оңтүстік-батысқа қарай өзен арнасынан асып кеткен Пайпорта муниципалитетінде 40 адам қаза тапқаны айтылды.
"Біз бәріміз қайтыс болған әр адамды танимыз. Бұл бір сұмдық дүние болып жатыр", - деді аймақ тұрғыны Мигель Геррилла.
Еске салайық, 29 қазанда Испанияда толассыз жауған жаңбыр салдарынан су тасқыны болып, Валенсия, Аликанте, Мурсия және Таррагона аймақтары топан судың астында қалған еді. Жағдайға DANA (суық тамшы) метеорологиялық құбылысы себеп болғанын жазған едік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!