Испанияда Урда қаласында болған пойыз апатынан қаза тапқандардың кім екенін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Билік құрбандар саны әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Кастилия-Ла-Манча автономиялық бірлестігінің басшысы Эмилиано Гарсиа-Паж құтқару қызметтерінің "мәйіт бөлшектері салынған 31 пакет" жинағанын мәлімдеді. Кейінгі мәліметтер бойынша, апаттан 74 адам қаза тапқан.
Тергеу барысын қадағалап отырған құқық қорғау органдарының мәліметінше, із-түзсіз жоғалған 67 адамға қатысты өтініш әлі қаралып жатыр. Олардың 14-і – шетел азаматтары. Атап айтқанда, АҚШ, Канада, Аустралия, Франция, Жапония, Мексика, Аргентина, Венесуэла, Тунис және Чехия азаматтары бар.
Испания премьер-министрі Педро Санчес қаза тапқандардың кім екенін анықтау үшін барлық мүмкіндік жұмылдырылып жатқанын мәлімдеді. Ол елдегі жүрдек пойыздардың қауіпсіздігіне деген халық сенімі қатты шайқалғанын мойындады. Дегенмен мұндай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданатынына уәде берді.
"Енді пойызға кім мінгісі келеді? Қорқынышты", - деді апат құрбандарының бірінің туысы.
Сәрсенбідегі теміржол апаты биыл Испаниядағы осыған ұқсас екінші оқиға және осы ғасырдағы Еуропадағы ең ауыр теміржол апаттарының бірі болды.
Оқиға Мадрид пен Севильяны байланыстыратын негізгі теміржол желілерінің бірінде болған. Дәл осы желіде қаңтарда да пойыздар соқтығысып, соның салдарынан Андалусияда 46 адам қаза тапқан болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz