Испанияның Валенсия қаласында 10 сәуірде төрт күндік жұмыс аптасына көшу бойынша эксперимент басталды. Бұл туралы Noticia жазды.
"Валенсия бір айға созылатын 32 сағаттық апталық жобаны сынап көрген әлемдегі алғашқы қала болады", - деді 700 мыңнан астам тұрғыны бар қала әкімдігі.
Эксперимент 7 мамырға дейін жалғасады. Бір ай бойы қала тұрғындары сенбі және жексенбідегі дәстүрлі демалыс күндерінен басқа дүйсенбі – 10, 17 және 24 сәуірде, сондай-ақ 1 мамырда демалады.
Билік эксперименттің экономикаға, еңбек өнімділігіне, азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына қалай әсер ететінін қарап, экспериментті жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдайды. Әкімдік зерттеу нәтижесін шілде айында жариялаймыз деп жоспарлап отыр.
Әкім Джоан Рибот Валенсия инновация жағынан еуропалық көшбасшы қалалардыі бірі болып саналатынын айтты.
"Қала тұрғындары мейірімді, салауатты және басқаларға қамқор болса екен. Адамдар жұмыс істеу үшін өмір сүргенін емес, өмір сүру үшін жұмыс істегенін қалаймыз", - деді ол.
Бұған дейін Microsoft Japan әр жұма сайын "Work-Life Challenge Summer 2019" науқаны аясында жұмысшыларына демалыс берген. Бірақ жалақы бұрынғыдай төленген.
Бұл әрекеттер 2280 қызметкердің 90 пайызына әсер еткен. Оларға жарты сағаттан астам кездесулер өткізуге тыйым салынған және барлық мәселелерді бетпе-бет емес, мессенджер арқылы шешуге нұсқау берілген. Нәтижесінде, тиімділік яғни бір қызметкерге шаққанда келетін сату көлемі 40 пайызға артқан.
Жұмыстың мұндай схемасымен қызметкерлерге аз салмақ түседі, олардың күйзеліс деңгейі төмендейді, ал жұмыстан шығу мен ауру кезінде алатын демалысы азаяды.
Айта кетейік, Кембридж ғалымдары төрт күндік жұмыс аптасы денсаулыққа қалай әсер ететінін анықтаған болатын.