- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Испанияда су тасқынына...
Испанияда су тасқынына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды
Испания үкіметі су тасқынынан қаза тапқандар үшін 31 қазан мен 2 қараша аралығында үш күндік аза тұту жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы El Mundo жазды. Баспасөз мәслихатында Испанияның аумақтық саясат министрі Анхель Виктор Торрес елдің премьер-министрі Педро Санчес 31 қазанда су тасқынынан зардап шеккен аудандарға баратынын айтты. Сонымен қатар министр Испания билігі Валенсия мен Кастилия-Ла-Манча автономиялық қауымдастықтарына су тасқынының салдарымен күресу үшін бар күш-жігерін салып жатыр деп сендірді және зардап шеккендерді мемлекеттік органдармен байланысып, келтірілген залал туралы хабарлауға шақырды.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Испаниядағы су тасқынынан зардап шеккендердің саны 72 адамға жетті. Атап айтсақ, Валенсияда 70 адам, Кастилия-Ла-Манчада екі адам қаза тапты.
Валенсияда су тасқыны салдарынан электр үзілді. Валенсия әуежайында бірнеше рейс тоқтатылды. Облыста теміржол және автомобиль қатынасы жартылай кесілді. 30 қазанда мектептегі сабақтар мен спорттық шаралар тоқтатылып, саябақтар жабылды.
Испанияның Ұлттық метеорологиялық қызметі Валенсияны "қызыл аймақ" деп белгіледі. Бұл қауіптің ең жоғары деңгейін білдіреді. Синоптиктердің болжауынша, жауын кем дегенде 31 қазанға дейін жалғасады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева