Испанияда екі жүрдек пойыз соқтығысып, кемінде 50 адам қаза тапты, тағы 179 адам зардап шекті, деп хабарлайды Massaget.kz El Español басылымына сілтеме жасап.
Апат Толедо провинциясында, Лос-Йебенес пен Урда елді мекендерінің арасында болған. Ішінде 147 жолаушысы бар Renfe компаниясының AVE жүрдек пойызы 397 жолаушы отырған Iryo компаниясының пойызымен соқтығысқан.
Adif теміржол операторының мәліметінше, AVE пойызы тоқтап тұрған Iryo пойызының артқы бөлігіне соғылған. Соқтығыс салдарынан екі вагон рельстен шығып кеткен.
Апат кезінде LZB пойыздарын автоматты басқару және қауіпсіздік жүйесіндегі ақауға байланысты дабылды бұғаттау режимі жұмыс істеп тұрған.
Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға адам қателігі себеп болуы мүмкін. Апаттың мән-жайы анықталып жатыр.
Мадрид пен Андалусия арасындағы жүрдек пойыздар қозғалысы уақытша тоқтатылды.