"Барселона" футбол клубы Испания Суперкубогын жеңіп алды. Сауд Арабиясында өткен финалдық ойында каталондық команда "Реалды" 5:2 есебімен айқын ұтып шықты, - деп хабарлайды massaget.kz.
Ойында мадридтік команда жылдам гол соғып, есеп ашқан еді. Алғаш болып Килиан Мбаппе мергендігімен көзге түсті. Алайда "Реал" қорғанысы жиі сыр беріп, бірінші тайм аяқталғанға дейін өз қақпаларына төрт гол өткізіп алды.
Алдымен Ламин Ямаль (22-минут) есепті теңестірді. Одан кейін Роберт Левандовский (36-минут) пенальтиден командасын алға шығарды. Араға 3 минут сала Рафинья "Барселонаның" үшінші голын соқты. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Бальде де шеберлігімен көзге түсті.
Екінші тайм басталған бойда "Барселона" "Реал" қақпасына бесінші голын соқты. Рафинья дубль авторы атанды.
56-минутта Мбаппеге қарсы дөрекі ойнаған "Барса" қақпашысы Щенсный қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Артынша айып соққысынан Родриго "Реалдың" екінші голын соқты. Осы есеп айырмасы сақталып, каталондық команда айқын жеңіске жетті.
"Барселона" өз тарихында 15-ші рет Испания Суперкубогын иеленді. Бұған дейін бірде-бір команда мұндай нәтижеге қол жеткізбеген. "Реал" 13 рет ұтқан.
Ханс-Дитер Флик "Барсаның" бас бапкері ретінде алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.