Қазақтар ежелден адамға есім қойғанда ерекше мән беріп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұстанған. Мысалы, ағайынды бауырлардың есімдерін өзара ұқсатып қоятындар бар, танымал адамға ұқсасын деп ырымдайтындар немесе дін бойынша пайғамбарлардың атын таңдайтындар да кездеседі. Өйткені ата-бабаларымыз адамның есімі оның өміріне әсер етеді деп сенген. Бұл қаншалық дұрыс? Балаға қойылатын есімді ырым, саяси жағдай мен сыртқы ерекшеліктермен байланыстыруға бола ма? Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін Massaget.kz тілшісі дінтанушы, мәдениеттанушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Елнар Берікбаевпен сұхбаттасты.
Маманның айтуынша, адамның есімі оның өміріне әсер ететіні сөзсіз, өйткені ата-ана балаға таңдаған есіміне белгілі бір тілектерді жасырады. Мысалы, Ерболат, Ербол, Ернар, Ердос секілді "Ер" сөзінен басталатын есімдерде баланың батыл болуы тіленеді.
"Жомарт есімі де осындай, ол адамның жомарт болуын білдіреді. Сондай-ақ, баланы толық атымен атап, шақыру керек. Осылай бала өз есімінің толық мағынасын түсініп, атына заты сай болуға тырысады. Біздің қоғамда баланы еркелетіп Сәке, Макош, Димаш деп айтып жатады, бұлай есімнің мәні жоғалады. Сондықтан, мейлінше, баланы толық атымен атауға тырысу керек, недегенімен психологиялық көзқарас сияқты толық аты-жөнін білетін бала белгілі бір қасиеттерді бойына сіңіруге тырысады", - деді ол.
Дінтанушы адамның есімі тағдырына толық әсер етеді деген пікір қате екенін алға тартты. Ол баланың қалыптасуына ата-ананың тәрбиесі, араласатын ортасы мен адамдары, оның жеке тәжірибесі, өмірлік құндылықтары, мінезі әсер етеді деп санайды.
"Адамның тағдыры қандай болатыны 100 пайыз есімге байланысты деген қате қалыптасқан пікір. Мысалы, бірінші тұлға - белгілі саясаткер Дінмұхамед Қонаев, екінші тұлға - әлемге әйгілі әнші, біздің мақтанышымыз Дінмұхамед Құдайберген және мен келесі адамды бұл қатарға қосқым келмейтін еді, бірақ амал қанша, үшінші тұлға - қызды зорлағаны үшін 8 жылға сотталған Алматыдағы түнгі клубтың бірінің күзетшісі - Дінмұхамед Құдайберген. Күзетші бәріміз сүйіп тыңдайтын Димаш Құдайбергенмен аттас, тіпті тегі де бірдей. Бірақ олардың тағдырлары әртүрлі. Сондықтан балаға белгілі бір есімді қойса, оның тағдыры керемет болады дегенге 100 пайыздық кепілдік жоқ. Әрине, кез келген ата-ана баласының жақсы болғанын қалайды, Бақдәулет, Салтанат, Қуандық есімдерінің өзі жақсы мағынаны білдіреді емес пе?!" - деді ол.
Сонымен қатар, Елнар Берікбаев балаға пайғамбардың есімін қоюға қатысты пікір білдірді. Ол Ислам бойынша Құран кітапта да, хадистерде де адамға пайғамбарлардың немесе сүренің атын қою керегі жазылмағанын жеткізді.
"Исламда есімге қатысты жалғыз ереже бар, ол - балаға басқа құдайдың есімін қоймау. Мысалы, Аполлон, Диана және осы секілді тағы басқалары. Мұндай есімдер біздің дінімізге қайшы келеді, өйткені бұл басқа құдайлардың аты.
Ал балаға пайғамдардың есімін қойсақ, ол аурушаң болады дегене түсінік көбіне ырым-тыйымнан пайда болған. Өйткені бұл ғылыми да, дін бойынша да расталмаған. Мен кез келген келген адам ауырады деп ойлаймын. Бізде пайғамбарларымыздың есімі қойылған көптеген спортшы бар ғой, олар физикалық тұрғыдан өте дарынды. Ең қарапайым мысал ретінде әйгілі боксшы Мұхаммед Әли, пайғамбардың есімі қойылған, бірақ ол дені сау мықты адам", - деп түсіндірді ол.
Мәдениеттанушының сөзінше, жаңа туған сәби белгілі бір адамға ұқсасын деп, сол адамның есімін қойып жататындар да бар.
"Бұл да ырым. Адамдар табысты адамды көріп, перзентінің де табысты болғанын қалайды ғой, пір тұтады. Бірақ, қазір елімізде 40 мыңға жуық Нұрсұлтан бар, тәуелсіздік жылдарында 40 мыңға жуық Нұрсұлтан туған. Бірақ бұл барлық Нұрсұлтан үлкен биіктерге жетіп, президент болады деген сөз емес қой. Сондықтан бұл ата-ананың таңдауы, сәтті өмірдің кепілі емес. Есім адамды емес, адам есімді атақты ететінін ұмытпау қажет, кез келген нәрсе жеке тұлғаға байланысты", - дейді маман.
Маман адамның есімі оның мінезіне қалай әсер ететінін түсіндірді.
"Нумерология, астрология деген бар. Олар көп нәрсе есімге байланысты деп санайды, дауысты және дауыссыз дыбыстардың санын есептеп, тұжырым шығарады. Бірақ мен бұған аса мән бермегеніңіз жөн деп айтар едім", - дейді ол.
Елнар Берікбаев балаға есім таңдау кезінде неге мән беру керегін де айтты.
"Мен адамдардың назарын аударғым келетін жалғыз мәселе - біз өз мәдениетіміздің бір бөлігін сақтауымыз керек. 2023 жылы Қазақстан бойынша топ-10 әйел есімдер тізімінде Медина, Айша, Амина бар. Ал топ-10 ер есімдер тізімінде Омар, Әли, Әмір, Мұхамад кіреді. Байқасаңыздар араб тіліндегі есімдер көбірек. Есім - ұлттың мәдени коды екенін ұмытпаған дұрыс. Өкінішке қарай, біз түркі тектес қазақ есімдерін жоғалтып жатырмыз. Мұндай үдерісті буряттардан байқауға болады. Бурят - бұл моңғолоид халқы, олар Ресейдің құрамына кіргеніне шамамен 200 жыл болды, сондықтан олардың көпшілігінің есімі Вадим, Александр, Андрей. Яғни қарап тұрсаңыз, олардың бет-әлпеті манголоидты, ал есімдері орысша. Біз өз мәдениетіміздің бір бөлігін сақтауымыз керек, Омар, Әли, Әмір, Мұхаммед сияқты есімдер араб ұлтын еске салатынына мән берейік. Қазақтан басқа қазақ есімдерін кім қояды? Қазақ есімдері өте жақсы мағынаға ие. Мен әрқашан балаға қазақша есім қоюға шақырамын", - деді ол.
Маман келесі ұл туылсын деп ырымдап қызға "ұл" сөзінен басталатын есім қоятындарға ашуланды.
"Қызға Ұлжан, Ұлбала, Ұлмекен, Ұлдана сияқты есімдерді қою дұрыс емес. Сондай-ақ, Исламда мән-мағынасы жоқ, жағымсыз есімдерді қоюға болмайтыны да жазылған. Қиямет күні бізді өз атымызбен атайды. Мысалы, 2017 жылы елімізде Бәйдібэкспо (Байдибэкспо) есімі пайда болды, оған қоса 10-ға жуық "Нұротан" есімі бар. Ал Кеңес заманында дүниеге келген қазақтардың есімі - Кеңес, Мэлс және тағы басқа. Мұндай есімдерден бас тарту керек", - деді ол.
Дінтанушы тағдырым ауыр деп есімін өзгертетін адамдарға жағдайға екінші жағынан қарауды ұсынды, өйткені мұндай іс-әрекет арқылы мәселе артпаса, азаймайды.
"Тағдырым ауыр, жолым болмайды, ашылмайды деп есімін өзгертетіндер бар. Мен оларға есім өзгерткеннен өмір одан сайын қиындамаса, жеңілдемейді деп айтатын едім. Яғни, керісінше, барлық құжатты ауыстыру, өзгерту қажет, бұл сізді әуре-сарсаңға салады. Оған қоса, бұл ата-ананы құрметтемеуді білдіреді. Сондықтан есімді өзгерту арқылы тағдыр өзгереді деп ойламаймын. Өміріңізді өзгерту үшін мінезді де, әдеттерді де жаңарту қажет", - деп қорытындылады Елнар Берікбаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз