- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Иісі сасық, қабырғасы...
"Иісі сасық, қабырғасы жұқа". Тұрғындар жақында бой көтерген көпқабатты үйдің сапасына шағымданды
Сәтбаев қаласында осыдан 6 жыл бұрын бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы сыр бере бастады. Тіпті қасбеттері қатты желге төтеп бере алмай ажырап, түсіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Қаладағы осыдан 6 жыл бұрын бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы сыр бере бастады. Тіпті қасбеттері қатты желге төтеп бере алмай ажырап, түсіп жатыр
"Нұрлы мекен" шағынауданына Жезқазған қаласының апатты үйлерінің тұрғындары және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде құлаған аудан аймағындағы көрші елдімекеннің тұрғындары көшірілген болатын. Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында салынған үй 2017 жылы қолданысқа берілген. Бір қарағанда көркіне көзің тоймайды, алайда осы әдемі көріністің артында түйінді мәселелердің шығып жатқаны көңілге қаяу түсіреді.
Бірнеше жылдан бері осында қоныс тепкен Манарбек Бейсенбековтің айтуынша, үйдің сапасы нашар. Тіпті күлімсі иістен бөлек, пәтерді бөліп тұрған қабырғаның өзі тым жұқа.
"Мен бұл үйде екінші жыл тұрып келемін, сатып алдық. Біз мұнда жайлы өмір сүреміз деп ойладық. Пәтерде сасық иіс бар, бұдан бөлек, қабырға жұқа салынғандықтан, көршілердің дауысын естиміз. Сапасы көңіл көншітпейді", – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Манарбек Бейсенбеков.
Қатты желден үйдің қаптамасы ғана емес, сонымен қатар шатыры тіпті қоқыс жәшіктері мен тұрғын үй сыртында орналасқан кондиционер жүйесі де зардап шеккен. Бұл күні қала тұрғындары шаһардың кейбір аудандарында электр қуатының істен шыққанына шағымданды. Сәтбаев қаласының әкімі "жаңа аудандағы олқылықты қалыпқа келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады" дейді.
"2017 жылы тұрғын үйлер қолданысқа берілді. Кепілдік уақыты 2020 жылы аяқталды. Тұрғындармен бірге заңды жолын қарастырамыз. Заң бойынша белгілі бір шарттары болса, қалыпқа келтіреміз немесе демеуші іздейміз", – деді Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір.
Қоныс аударушылар үшін салынған аталмыш ықшамаудандағы 45 көпқабатты басқа да тұрғын үйлердің жағдайы мәз емес көрінеді. Әкім бұл үйлердің сыртын қалыпқа келтіру жұмыстары келер жылы іске асатынын айтты. Қазір тазалау жұмыстары жүріп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы