Қызылордалық көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілген баспанада тұратындар тұрғын үйдің сапасына шағымданды. Айтуларынша, 2022 жылдың күзінде бұл үйлер тұрғындарға уақытша паналауға беріліпті. Өте ескі ғимаратта кәріз жүйесі істен шыққан. Ауыз су, жарықтың да жайы мәз емес көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі astana.tv арнасына сілтеме жасап.
Ұлболсын Мырзабек 5 баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Бұл үйге 1 жарым жыл бұрын көшіп келген. Әкімдіктегілер үй кезегі келгенше тек коммуналдық төлемдерді төлеп тұратынын айтқан. Кәріз жүйесінен шыққан иіс қолқаны қабады. Ғимарат ескі болғасын мәселе шаш етектен.
"Тығылысып бір бөлмеде жатамыз, тамақ дұрыс істей алмаймыз. Газдан иіс шығады. Балоннан қорқамыз. "Уақытша баспана дұрыс жерден бересіздер ме" деп бардым. "Ұнамаса жалдамалы пәтерге шығыңдар" деді. Сосын амал жоқ отырмын осы жерде", - деді қала тұрғыны.
Тұрғындардың айтуларынша, мұнда жарық жиі өшіп, әбігерге салады екен. Ал 29 желтоқсан күні бір пәтерді жалын шарпыған. 21 жастағы мүмкіндігі шектеулі қыз иіске тұншығып көз жұмған. Тұрғындар өрт электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болуы мүмкін деп үрейленіп отыр. Мәселесі қордаланған баспанада тұратындар бәрінен бұрын балаларының денсаулығына алаңдайды.
Жағдайға әкімдіктегілер де жақсы қанық. Дегенмен, үйді пайдалануға бергенде демеушілер арқылы күрделі жөндеуден өткіздік дейді олар. Сондықтан мәселе тұрғындардың өзінде деп отыр.
"Қазір әр түрлі отбасы бар, бала-шағалы дегендей ғой. Сол кәріз жүйесіне неше түрлі тұрмыстық заттар, басқа да заттарын тастау салдарынан ол бітеледі. Сол себепті бұл істен шығады. Бір айдан кейін осы жағдай тағы да қайталанып отыр. Қазір қала әкімдігі тарапынан ақау актісі жасалып, қажетті материалдар алу жұмыстары жүргізілуде", - деді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек.
Жыл соңына дейін қалада 600-ге жуық отбасына жаңа үйдің кілті табысталады. Бірақ, өлместің күнін кешіп отырмыз деген 15 отбасының ол тізімде бар-жоға белгісіз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!