- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Иісі қолқаны қабады"....
"Иісі қолқаны қабады". Петропавлда тұрғындар қоқыс компанияларға шағымданды
Петропавл халқы қоқыс шығаратын компаниялардың жұмысына шағымданды. Тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды деген тұрғындарды мүңкіген сасық иіс мезі еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Екі ай бұрын Петропавлда қоқыс шығару құны бірден екі есеге көтерілді. Көпшіліктің айтуынша, қызмет бағасы көтерілсе де, қала орталығындағы көпқабатты үйлердің ауласынан тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды.
"Қоқыс шығару тарифі екі есе артты. Бір адамның құны 480 теңге болып тұр. Бірақ қоқыс шығарылмайды. Ақшаны не үшін төлейміз?" - деді қала тұрғыны Зейнеш Назарова.
Тұрғындар "қоқыстың жағымсыз иісі мұрын жарады" дейді. Оның үстіне, аптапта жағдай ушығып, терезе ашып, демалудан қалған.
"Барлық жер қоқысқа толды. Терезені ашып қалсаң, иісі қолқаны қабады. Маңынан жүріп өту мүмкін емес", - деді қала тұрғыны Клавдия Лустина.
Бұл жағдайға қоқыс шығаратын компанияның 2 бірдей техникасының істен шығуы себеп болған. Қала әкімі жауаптыларға мәселені дереу шешуді тапсырды. Яғни, ұйымға басқа кәсіпорындардан техниканы жалға алып, олқылықтарды қысқа уақыттың ішінде реттеуге тапсырма берді. Ал жергілікті билік қоқыс шығаратын мекемелерді жаңа жабдықпен қамтуға 60 миллион теңге жұмсамақ.
"Тұрғындар қоқыс жәшіктерін цемент, құм секілді құрылыс қалдықтарымен толтырып тастаған. Соның кесірінен техниканың қосалқы бөлшегі істен шықты. Қала әкімдігімен бұл компанияларға көмек ретінде 2 бірлік техника сатып алу шешімі қабылданды. Ол сенімгерлік басқаруға берілетін болады", - деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Қазір тұрғындардың ұйымдарға қарызы 23 миллион теңгеден асады. Мамандар қарыз да қоқыс шығару жұмысының нашарлауына септігін тигізгенін атап өтті. Петропавлда тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын 4 компания бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек