Әлеуметтік желіде Ириклин су қоймасынан үлкен көлемде су жіберіліп жатқаны туралы видео тарап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілі видеоға қатысты пікір білдірді.
"Бұл видеоның Ириклин су қоймасына қатысы жоқ. Бұл - 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіндегі Сергеев су қоймасының (Солтүстік Қазақстан облысы) кадрлары. Бүгінгі таңда екі су қоймасы да штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 2025 жылғы 11 ақпанда Ириклин қоймасындағы су көлемі - 2593 млн м3 (жобалық қуатының 79 пайызы), су жіберу көлемі - секундына 60 м3. 2025 жылғы 11 ақпанда Сергеев су қоймасында (ҚР Солтүстік Қазақстан облысы) 695,4 млн м3 су бар, су жіберу көлемі - секундына 18,3 м3", - деп жазылған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми хабарламасында.
Ириклин су қоймасы - Ресейдің Орынбор облысындағы су қоймасы.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын "су тасқынының видеосы" шошытты. WhatsApp мессенджерінде ірі көлемдегі су тасқынының видеосы тарап кеткен болатын.
Видеодағы жазбада Ириклин су қоймасынан келген су екені айтылады. Алайда ақпарат жалған болып шықты.
БҚО су тасқыны қаупі төніп тұрған өңірлер үштігіне кіреді. Бұған дейін БҚО әкімі Нариман Төреғалиев облыстың үлкен суға дайындығын сынға алған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!